Негізгі Жаңалықтар Білім берудегі жаңа бағыттар

Білім берудегі жаңа бағыттар


ДИКТОР: Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелер педагогтар арасында кеңінен талқылануда. Көкшетауда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалында кәсіби білімдерін жетілдіріп жүрген мұғалімдер Президент ұсынған бағыттарға қатысты пікір білдірді. Курс тыңдаушылары ұстаздардың жұмысын оңтайландыру, оқыту сапасын жақсарту және цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні білім беру тәжірибесіне енгізу мәселелеріне назар аударды.

РКС: Жолдаудағы басымдықтардың бірі – білім беру жүйесінде әділдік қағидатын орнықтыру және мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыру. Педагогтардың пікірінше, ұстаздың еңбегі әділ бағаланып, кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік берілуі қажет. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен интернетті тиімді пайдалану білім алушылардың да, мұғалімдердің де жаңа дағдыларды меңгеруіне жол ашады. Бұл ретте цифрлық құралдар уақытты үнемдеп қана қоймай, білім сапасын арттыруға да ықпал етуі тиіс.

СНХ: ЖАННА БАЙҒАРИНОВА, «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Өзіме екі маңызды мәселені атап өттім. Біріншісі – бүгінгі Қазақстанның даму бағытының негізі болып отырған әділдік қағидаты. Білім беру саласында мұны меритократия, яғни әр адамның еңбегі мен қабілетіне қарай бағалануы деп түсінемін. Өз ісіне лайықты адамдар қызметтік тұрғыдан өсіп, түрлі мүмкіндіктерге қол жеткізуі керек. Бұл – еңбекті бағалаудағы және педагогтарды аттестаттаудағы әділдік. Екінші мәселе – жасанды интеллект пен жалпы интернет мүмкіндіктерін пайдалану. Қазір интернет тек ойын-сауық алаңы болып қалмауы тиіс. Ол адамның әл-ауқатын жақсартуына, білім алуына, кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік беретін кеңістік болуы қажет. Яғни, интернетті тұрмыс деңгейін көтерудің және кәсіби біліктілікті арттырудың құралы ретінде қолдану маңызды.

РКС: Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мұғалімнің орнын алмастыруды емес, оның жұмысын жеңілдетіп, оқушымен жеке жұмыс істеуіне көбірек уақыт бөлуді көздейді. Дұрыс қолданылған цифрлық технологиялар оқу материалдарын әзірлеуге, ақпаратты жүйелеуге және оқушының қабілетіне сай тапсырмалар ұсынуға көмектеседі. Дегенмен, мұндай құралдарды пайдаланғанда ақпараттың дұрыстығын тексеріп, цифрлық сауаттылық пен жауапкершілікке де мән беру қажет.

СНХ: ӘЙГЕРІМ ҚАСЫМБЕКОВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ (СТЕПНОГОРСК): Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын үлкен үмітпен және аса бір жауапкершілікпен күттік. Президентіміздің білім саласында көтерген мәселесінің маңызы зор. Жалпы педагогтердің негізгі міндеті – келер ұрпаққа сапалы, саналы білім беру, жақсы тәрбие беру. Сондықтан да менің ойымша, шынымен де ұстаздарымыздың қағазбастылығын азайтып, керісінше оқушылармен тікелей жұмыс жасауын, әр оқушының жеке қабілетін аша білуге көбірек жұмыс жасауына жағдай жасауымыз керек. Айтылып кеткендей, әр оқушының, әр баланың тәрбиесіне тек ғана ұстаз емес, ата-ана болып, қоғам болып бірлесе жұмыс жасауымыз керек. 

РКС: Білім беру саласындағы оң өзгерістер мұғалімнің кәсіби дамуына жағдай жасаудан және мектеп, отбасы мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудан басталады. Ал жаңа технологияларды орынды қолдану осы міндеттерді жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді. Педагогтар Жолдаудағы бастамалар білім сапасын көтеруге, ұстаз еңбегінің бағалануына және оқушының жан-жақты дамуына серпін береді деп үміттенеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу