Негізгі Жаңалықтар Ақмолалық спортшылардың алтын жеңісі

Ақмолалық спортшылардың алтын жеңісі


ДИКТОР: Екі алтын, бір қола! Жапонияда өткен V жазғы Азия Пара ойындарында Ақмола облысының спортшылары осындай жарқын нәтижеге қол жеткізді. «Мерген» спорт клубының өкілдері Давид Дегтярёв пен Еркін Ғаббасов қарсыластарынан озып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Тілші материалында.

РКС: Қазақстан құрамасы сапында Ақмола облысының 5 спортшысы өнер көрсетіп, ел қоржынына 3 медаль салды. Соның бірі пауэрлифтинг шебері Давид Дегтярёвтің еншісінде. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 191 келі зілтемірді көтеріп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Енді спортшы 1 айдан кейін өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Қазіргі рейтингте көш бастап тұрған Давид паралимпиадалық лицензияға үміткерлердің қатарында.

СНХ: ДАВИД ДЕГТЯРЁВ, V ЖАЗҒЫ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ: Біздің команда үлкен жұмыс атқарды. Біз көптеген медаль жеңіп алдық. Сондықтан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқан ұлттық құрамамыз үшін өте қуаныштымын. Жыл басынан бері дайындыққа кірісіп, алдағы жарыстарға әзірлендім.Жаттығу жиындарын қоса есептегенде, шамамен жеті-сегіз ай дайындалдық. Дайындық оңай болған жоқ. Әсіресе, жарыс алдындағы ұзақ ұшып келу мен одан кейінгі қалпына келуге берілген қысқа уақыт қиындық туғызды.

РКС: Қазақстан қоржынына тағы бір алтынды нысана көздеуден сынға түскен Еркін Ғаббасов салды. R-1 дисциплинасы бойынша 249,1 ұпай жинаған ақмолалық мерген Оңтүстік Корея спортшыларынан басым түсті. Бұл Еркін Ғаббасовтың Азия Пара ойындарындағы алғашқы жарысы. 2 жылдық жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесінде ол қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал бұл жеңіс спортшыға 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына тікелей жолдама сыйлады.

СНХ: ЕРКІН ҒАББАСОВ, V ЖАЗҒЫ АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ: Міне осы Азия пара ойындарына бірінші рет қатысып тұрмын, міне осы жақсы жүлделі болып келіп отырмын. Қазақ елінің туын аспанға шырқыратып, үлкен қуаныштымын Қарсыластарымызды көріп, 2 жыл бойы дайындалдым осыған. Азия пара ойындарында білдім, мықты-мықты ататын мергендері болатынын. Алтын жолы ешқашан оңай болмайды екен. 

СНХ: ШЫНАР ҒАББАСОВА, ЕРКІН ҒАББАСОВТЫҢ ЖҰБАЙЫ ӘРІ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Еркінмен мен енді жылдар бойы қасында болдым. Мен ол кісінің психологы болдым, тренері болып жүрдім жалпы әлі болмай тұрған кезде де, жұбайы болдым. Енді барлық бір неде болғасын, мен уақыт келе өзіміз көзіміз жетіп, енді осы уақыт бізге кеп тұрған секілді, сен көп нәрсені түсінесің білесін. Бұл жалпы оқ ату мәселесін де, психологиялық дайындыққа бәрін болжап, екеуміз көргендіктен тренер болып шықтым. 

РКС: Ақмолалық спортшылардың жетістігіне «Мерген» облыстық спорт клубы да қолдау көрсетіп келеді. Ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға арналған клубта атлеттердің жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және оқу-жаттығу жиындарынан өтуіне жағдай жасалған. 

СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл спортшылар ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған «Мерген» облыстық спорт клубының құрамында. Клубтың басты мақсаты атлеттерге қолдау көрсетіп, халықаралық жарыстарға қатысуына және оқу-жаттығу жиындарында дайындалуына жағдай жасау. Жыл бойы спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

РКС: Жапониядағы Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы саны 50 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Ақмолалық спортшылардың жарқын жеңісі, табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі. Олар халықаралық аренада көк Туды желбіретіп қана қоймай, ел мерейін үстем етіп, алдағы биік белестерге жол ашты.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу