Сандықтау ауданының жылу жүйесі жаңаруда
ДИКТОР: Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылдық округінде қуаттылығы 9 мегаватт болатын жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Жылу желілерін салу және қайта жаңғырту жобасы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2 жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 2 миллиард 11 миллион теңгеден асады. Оның 1 миллиард 621 миллион теңгеден астамы игерілген. Жаңа нысанның іске қосылуы жылу жүктемесін азайтып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
РКС: Бүгінде Балкашино ауылында 4 жылыту қазандығы орналасқан. Оның орталық қазандығы шамамен 500-ге жуық шаңырақ пен 50-ге жуық мемлекеттік мекемені жылумен қамтып отыр. Ал жаңа қазандықтың іске қосылуы қолданыстағы жылу жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізбек.
СНХ: АҢСАҒАЙ СМАҒҰЛОВ, САНДЫҚТАУ АУДАНЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Ауданда бұған дейін 4 жылу қазандығы жұмыс істеп келген. Жаңа блокты-модульдік қазандық іске қосылғаннан кейін 2 қазандықтың жұмысы тоқтатылады. Олардың абоненттері жаңа қазандыққа қосылады. Атап айтқанда, орталық қазандық пен №1 блокты-модульдік қазандық қолданыстан шығарылады.
РКС: Қыс қытымыр мінез танытатын Сандықтау ауданында жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі айрықша маңызды. Биыл қысқы маусымға 6 мың тоннадан астам көмір әзірленген. Ал заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа қазандық жылу өндірудің тиімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының қыс мезгілін жайлы өткізуіне жағдай жасамақ.
СНХ: ИЛЬЯ ТВЕЙКОВ, «АЗИЯЭНЕРГОПРОЕКТМОНТАЖ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ: Қазір барлық жүйе ретке келтірілген. Температура қалыпты. Қызметкерлер құрамы толық жасақталған, жұмыс 3 ауысыммен жүргізіледі. Әр қазандықтың қуаты 3 мегаватт, үшеуінің жалпы қуаты 9 мегаваттты құрайды. Бұл жылуға деген қажеттілігін өтеуге жеткілікті болуы тиіс.
РКС: Жаңа жылу қазандығының іске қосылуы, Балкашино тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық.
СНХ: МЕҢДІБАЙ КӨПЕБАЕВ, БАЛКАШИНО ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы жылуды өзіміз қатты армандайтынбыз. Біздің жақта қыс қатты болады. Қиыншылық көретінбіз. Біздің ауылда үлкен котельный ашылып, соған өте ризамыз, қуаныштымыз.
РКС: Жаңа қазандық ауылдың жылу жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Оның іске қосылуы жылумен қамту сапасын арттырып қана қоймай, отын ресурстарын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді. Ең бастысы, қыстың қақаған аязында әр үйдің жылуы тұрақты болып, тұрғындардың алаңсыз тіршілік етуіне жағдай жасалады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ