Art Aqmola: қылқалам және болмыс
ДИКТОР: Республика күніне орай Көкшетауда өңір суретшілерінің «ART AQMOLA: Қылқалам және болмыс» атты ұжымдық көрмесі ашылды. Оған авторлардың қоршаған әлемге, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраға деген көзқарасын бейнелейтін 30-ға жуық сурет қойылды.
РКС: Ақмола өңірінен көптеген танымал қылқалам шебері шыққан. Ал аймақтағы бейнелеу өнерінің дәстүрі бүгінде де жалғасын тауып келеді. Көрмеге қойылған туындылар тақырыбы мен стилі жағынан әртүрлі. Әр суретші өз идеялары мен көзқарасын көрерменге жеткізудің өзіндік жолын тапқан.
СНХ: АМАНБАЙ ШҮЙНІШЕВ, СУРЕТШІ: Өзімнің 2-3 жұмысымды қойғанмын "Кокпар" деген содан кейін "Алтыбақан" деген содан кейін "Ақша бұлт" деген бір шағын картиналарым бар. Қоғам, болмыс, табиғат физиканың жаңа бір заңдары пайда болып жатыр мысалы үшін, мынау бесінші өлшем деген бар, квант деген бар. Ол тұрғыдан ойлап келген кезде, өте үлкен басқа бір дүниетанымдарды әкеле жатыр.
РКС: Картиналар суретшінің көңіл күйін ғана жеткізіп қоймай, көрерменнің бойында да түрлі сезім оятып, ойға жетелейді. Сондықтан өнер туындыларымен танысу мүмкіндігі қаланың мәдени өмірі мен тұрғындары үшін маңызды.
СНХ: ӘЛИЯ АХЕТОВА, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Күздің осындай жауын-шашынды күндерінде, жел сарғайып түскен жапырақтарды ұшырып, жан дүниемізде бір нәрсе өшіп бара жатқандай күй кешкенде, бізге әсемдікке деген құштарлық ерекше қажет болады. Ол филармония болсын, орыс драма театры болсын, өзіміздің сүйікті қазақ театры немесе әдебиет және өнер мұражайы болсын — бәрі де жанға рухани азық береді. Сондықтан бұл бүгінгі күндегі белгілі бір бос кеңістіктің орнын толтыру деп ойлаймын. Осындай көрмелерге шақырылып жүргеніме өте қуаныштымын.
РКС: Ұйымдастырушылар көрме жобаларының географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Ақмола облысы суретшілерінің туындыларын Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде таныстыру көзделген. Бұл өңір суретшілерінің шығармашылығын жаңа аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді.
СНХ: НҰРБЕК НҰРАЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біз келе жатқан Республика күнінің қарсаңында осы мерекеге орайластырып, сол мерекенің құрметіне арнадық. Бұл көрмеде Ақмола облысының, Көкшетау қаласының суретшілер одағына мүшелері, сол одақта жұмыс істейтін және басқа суретшілердің еңбектерін қойдық. Бұл еңбектер, әр суреті, әр қойылған жұмыстары өте құнды.
РКС: Әзірге қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті суретшілердің шығармаларымен танысып, Ақмола өңірінің көркемдік әлемінің қаншалықты алуан түрлі екенін көре алады. Мұндай жобалар аймақ суретшілерін қолдауға, ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды сақтауға ықпал етеді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ