Ғылыми конференцияда республика күнінің маңызы талқыланды
ДИКТОР: Қазақстан Республикасының күніне орай Көкшетауда «Достық өрісі, Ұлы дала белесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолын, мемлекеттік егемендіктің маңызын, сондай-ақ қоғамдық бірлік пен ынтымақтастықтың рөлін талқылады. Кездесуге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері мен жастар қатысты.
РКС: Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация. Өйткені, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
СНХ: БОЛАТ ЗӘКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы Республика күніне арналған мерекелік шарада бұл күннің еліміз үшін қасиетті мереке екенін атап өтті. Расында да, дәл солай. Өйткені тәуелсіздік пен азаттықтың бастауы 1990 жылғы 25 қазаннан, яғни Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күннен бастау алады. Менің ойымша, бұл әрбір қазақстандық үшін маңызы зор мереке.
РКС: Жас ұрпақ ел тарихын біліп, оның болашағына ықпал еткен шешімдердің маңызын түсінуі керек. Жиынға қатысушылардың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттілігін қалыптастыру мен дамыту үлгісінің тамыры терең тарих қойнауында жатыр.
СНХ: АМАНБАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Менің ойымша, декларацияның қабылдануы маңызды тарихи құжат. Бұл 1990 жылы Қазақстанның толыққанды тәуелсіз мемлекетке айналуына жасалған алғашқы қадам, құқықтық негіздердің бірі. Әрине, декларацияның өзі әлі толыққанды заңнамалық акт емес. Дегенмен, еліміздің егемендікке бет бұрғанының өзі көп жайтты аңғартады. Өткен тарихымызды білмей, болашақ құра алмаймыз деп ойлаймын. Сондықтан, жас ұрпақ, жастар мен студенттер тарихты, әсіресе, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы және Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы заңның қабылдануы секілді маңызды тарихи кезеңдерді білуі керек.
РКС: Конференцияға студенттер де қатысты. Олар үшін мұндай кездесулер ел тарихы туралы білімдерін тереңдетіп, оның маңызын аға буын өкілдерімен және ғылыми қауымдастық мүшелерімен бірге талқылауға мүмкіндік. Азаматтық қорғау жоғары көпсалалы колледжінің студенті Вероника Скобцованың пікірінше, мұндай шаралар жиі өткізілуі керек.
СНХ: ВЕРОНИКА СКОБЦОВА, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Еліміздің өркендеп, одан әрі дами беруіне тілектеспін. Өз еліміздің азаматы болғаныма өте ризамын. Осындай шаралар жиі өткізілсе екен деймін. Өйткені бұл біз үшін, әсіресе, студенттер үшін өте маңызды. Біз сияқты жастарды осындай кездесулерге жиі жинап, еліміз туралы көбірек білуге мүмкіндік берсе екен. Елімізге тек жақсылық, өркендеу мен мол табыс тілеймін.
РКС: Талқылаудың негізгі бөлігі этносаралық келісім мен өзара түсіністікті сақтау тақырыбына арналды. Конференцияға қатысушылар үшін бұл тарихи өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, әр адамның Қазақстанның болашағына қандай үлес қоса алатыны туралы ойлануға мүмкіндік.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.