Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттілік шежіресі

Мемлекеттілік шежіресі


ДИКТОР: Республика күні қарсаңында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жаңа Қазақстанның елдік шежіресі» атты көрме ашылды. Экспозицияға археологиялық олжалар, өткен дәуірлердегі тұрмыстық бұйымдар, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық валютаның алғашқы үлгілері қойылған. Ел тарихымен алғашқылардың бірі болып облыстың әр ауданынан келген мемлекеттік қызметшілер танысты.

РКС: Қазақстан тарихы – мемлекеттіліктің қалыптасу, ұлттық дәстүрлерді сақтау және тәуелсіздікке қол жеткізу жолы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Алтын Орда мен өткен дәуірлердегі басқа да маңызды тарихи кезеңдердің мұрагері екенін бірнеше рет атап өткен. Сондықтан Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жаңа Қазақстанның елдік шежіресі» атты көрме Республика күні қарсаңында көпшілік назарына ұсынылды.

СНХ: ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Биылғы жылы сол бүгінгі біздің ашылғалы жатқан көрмеміз «Жаңа Қазақстанның елдік шежіресі» деп аталады. Мұнда біз сонау әуелігі бастауында тұрған, сонау бізге дейінгі қазақ хандығына дейінгі түркі қағанаты дәуірінен бастап бастау алатын, қола дәуірінен археологиялық қазба жұмыстары арқылы табылған жәдігерлерден бастап, одан 19-шы ғасырдағы біздің халықтың тұтынған заттарының негізінде жәдігерлерді қойып, содан тәуелсіздігіміздің айғағы болып табылатын мынау рәміздерімізді, сондай-ақ біздің төл теңгеміздің сонау бастауынан бастап, сол алғы бір теңгелік, бес теңгелік, он теңгелік, жиырма теңгелік секілді кезеңдерден бастап, бүгінгі күнгі теңгеміздің жаңартылып, жетілдіріліп шыққан нұсқаларына дейін қойып отырмыз.

РКС: Көрменің алғашқы келушілерінің қатарында облыстың әр ауданынан келген мемлекеттік қызметшілер бар. Қазіргі уақытта олар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облыстық филиалында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Музей экспозициясымен танысу қатысушыларға еліміздің тарихи тамырына үңіліп, мемлекеттіліктің қалыптасу жолы туралы тереңірек білуге мүмкіндік берді.

СНХ: МЕРЕЙІМ ӘЖІБАЕВА, БУРАБАЙ АУДАНЫ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ ЭКОНОМИКА СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Осы республика күні баршамызға құтты болсын, құт-береке, еліміз аман, көк туымыз әрдайым желбірей берсін. Осы мерекеге орай бүгін біз Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына келдік. Мен өзім қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ақмола облыстық академиясының филиалында біліктілікті арттыру курсын өтіп жатырмын. Мен бүгін жалғыз келген жоқпын. Біз әр ауданнан мемлекеттік басқармалардан келдік. Барлығымыз басшылық деңгейіндегі лауазымдағы мемлекеттік қызметшілерміз.

РКС: «Жаңа Қазақстанның елдік шежіресі» көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында экспозициямен барлық ниет білдірушілер таныса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихи мұраны сақтау және елдің өткенін танып-білу ұлттық бірлікті нығайтуға, мемлекеттік құндылықтарға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу