Республика күніне орай «Қазақстанның гүлденуі – ауылдан басталады» марафоны бастау алды
ДИКТОР: Ақмола облысының Жақсы ауданында Республика күніне орай «Қазақстанның гүлденуі – ауылдан басталады» атты кең ауқымды марафон бастау алды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шалғай елдімекендерді аралап, арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Сөйтіп, мерекелік думан аймақтағы мәдени өмірді қайта түлетіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Мәдени керуен ауданның 13 ауылында жалғасын таппақ. Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалы.
СТЕНД-АП: БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Қазір біз Жақсы ауданының Ешім ауылындамыз. Республика күні қарсаңында ауылдың сәні кіріп, мерекелік леп ерекше сезіледі. Орталық көшеге ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, жанында жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазылар жүр. Бұл жай аттар емес, талай бәйгеден жүлдемен оралған шашасына шаң жұқпас өте жүйрік сәйгүліктер.
КСМ: Ешім ауылының азаматтары бәйгеге ат баптауда алдына жан салмайды. Нұрислам Октябрь жылқы малының қасиетін білетін жас атбегілердің бірі. Бала кезінен жылқыға құмар болып өскен ол талай бәйгеден жүлдемен оралып жүр.
СНХ: НҰРИСЛАМ ОКТЯБРЬ, АТБЕГІ: Мен өзім 5-6 жасымнан атқа мінудемін. Оның алдында жәкей болдым. Бізге де аттың күш-қуаты, мінез-құлық, осы қасиетімен ұнады. Сол себептен ат дайындаумен айналысып жатырмын.
КСМ: Ұлттық салт-дәстүр ұлықталған айтулы мерекелік шарада тәттіден шашу шашылып, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Бұл рәсімді орындау ырыммен қазақтың чемпион қызы Дина Жоламанға тапсырылды.
СНХ: ДИНА ЖОЛАМАН, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Ауыл мерекесінде Әмина қызымыздың тұсауын кестім. Жарқын мақтанышымыз болады деп ойлаймын. бүгінгі мерекеде бәріміз ұлттық киім киіп, ұлттық тағамнан дәм татып жүреміз, соған өте қуаныштымын. Әрқашан өз ұлтымыздың салт- дәстүрін ұмытпай, осылай жаңғырта берейік.
СНХ: АРДАҚ СМАҒҰЛҚЫЗЫ, ЕШІМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:Тойда ақ жаулықты апаларымыз кимешек киіп, қыз-келіншектер қазақтың ұлттық киімін киіп, жеті қазынамызды көрсетіп, артымыздан еріп келе жатқан кішкентай бүлдіршіндерімізге жастарғаымызға үлкен өнеге болып жатыр. Той өте керемет жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз өте мәзбіз.
КСМ: Бұл күні сондай-ақ ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі мен қолданбалы қолөнер туындаларының көрмесі ұйымдастырылды. Ал арқан тартыс, асық ату мен аударыспақ сияқты ұлттық ойындар мейрамның көрігін қыздырды. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты.
ЕСТ ШУМ:
БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ ҚҰТ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНАН