«Атажұртқа алғашқы қадам» таныстыру кеші өтті
ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Қытай мен Моңғолиядан келген қазақ жастарына арналған «Атажұртқа алғашқы қадам» атты таныстыру кеші өтті. Кештің мақсаты жастардың тарихи отанымен байланысын нығайтып, қазақ тілі мен ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, еліміздің білім беру және мәдени ортасына бейімделуіне қолдау көрсету. Танымдық шара атажұртқа келген жастардың өзара танысып, ортақ құндылықтар төңірегінде жақындасуына мүмкіндік берді.
РКС: Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында университеттің Үздіксіз білім беру институты жанындағы дайындық бөліміне Қытай мен Моңғолиядан келген 31 тыңдаушы қабылданды. Олар 9 ай бойы университет оқытушыларының жетекшілігімен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, жоғары оқу орнына түсуге қажетті білім мен дағдыларды меңгереді.
СНХ: ТАҢНАНА ОРАЛҚАН, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІМІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен Қытайдың Шыңжаң Алтайдан келгенмін. Осында келіп дайындық класста оқып отырмын. Өзімнің мақсатым, өзімнің арманым тілді жақсы үйреніп, осы Қытай болсын, Қазақстан болсын осы екеуінің ортасында адамдардың ортасындағы байланысты одан әрі нығайтқым келеді. Енді Қытайда оқығаным шекара торап саудасы болғаннан кейін, осы жаққа келіп аудармашылық үйрендім.
СНХ: АЙМЕРЕЙ ӨНЕРБЕКҚЫЗЫ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІМІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Монғолия Баян-Өлгей аймағынан келдім. Бұл елде қазақ тілінде сөйлеу оңай. Қанша қиын болса да ол жақта қазақ тілі көп оқылмағандықтан, кішкене қиындықтар болғанменен үйреніп кетуге мүмкіндік зор. Білім беру жағынан жоғары. Өте мықты университеттердің бірі.
РКС: Таныстыру кешінде жастар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ортаға салып, өнерлерін паш етті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АЙНҰР ШҮКЕЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биылғы 2026-2027 жылына ұлтты қазақ шетел азаматтарына мемлекеттік 30 грант бөлінді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне. Сол 30 гранттың игерілді. Яғни Қытай, Монғолиядан келген балаларымыз қазақ шет ел азаматтары биыл Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің дайындық бөліміне оқуға түсті.Және тағы бір баламыз Қытайдан келді. Ол ақылы топта оқып жатыр. Жақсы жағдай жасалып жатыр. тегін жатақханада тұрады.
РКС: Әлемнің 134 жоғары оқу орны арасындағы үздіктер қатарынан көрініп жүрген университет шетелден келген қазақ жастарына сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Қазан айынан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуге кіріскен жастардың оқуға деген құлшынысы ерекше. Олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуы үшін Көкшетау қаласының білікті ғалымдары мен профессорлары жұмылдырылған. Білім мен мәдениет тоғысқан осындай ортада қанаттанған жас буынның алар асуы алда.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ