Негізгі Жаңалықтар Ауыл әкімінің тәртіптік ісі қаралды

Ауыл әкімінің тәртіптік ісі қаралды


ДИКТОР: Көкшетауда облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелері Аршалы ауданына қарасты ауылдық округтері бірінің әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады. 

РКС: Отырыста қызметтік тергеу нәтижелері талқыланды. Прокуратура 2023-2026 жылдар аралығында әкім аппаратының қызметіндегі мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Биылғы жылдың 20 наурызында әкім аппараты мен жергілікті серіктестік арасында ауылға су өткізу арнасының функционалдық жағдайын қалпына келтіру үшін 44 миллион теңге сомасына мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

СНХ: ГҮЛМИРА САҒАДИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Әкім аппаратының лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының талаптарын бұзуға мемлекеттік сатып алу мәнін дұрыс анықтамау бөлігінде жол берген. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары қызмет көрсету ретінде айқындалды. Сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау көзделген, бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарын нақты орындауға шарт жасасу қызметіне қатысты. Бұл заңнама талаптарын айналып өту, оның ішінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуден және бекітуден жалтару, міндетті сараптама жүргізбеу және сатып алу тәсілін дұрыс таңдамау мүмкіндігін білдіреді.

РКС: Кеңес мүшелері қызметтік әдеп ережелерін сақтау - мемлекеттік қызметкерлер жұмысының маңызды және ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Халықтың өмір сүру сапасы олардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметке кір келтіретін кез келген іс-әрекет ерекше назар аударуды талап етеді.

СНХ: АЙНАГҮЛ ЖАНӘДІЛОВА, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ: Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілерді әкімшілік жауапкершілікке тартудың бес фактісі анықталды. Атап айтқанда, үш факт қоғамдық орындарда мас күйінде болу, біреуі қызметтік үй-жайда әдепсіз сөз айту және тағы біреуі көлік құралын мас күйінде басқарған дерек. Аталған фактілердің бірі бойынша қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ бір ауыл әкімі өз еркімен жұмыстан босату туралы берілген өтініш негізінде өкілеттігін тоқтатқан жағдайлар да бар.

РЗК: Қаралған тәртіптік іс бойынша кеңес мүшелері қызметтік әдеп нормалары мен заңнама талаптарын одан әрі сақтау жөнінде ұсынымдар берді. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Ақмола облысы әкімі аппараты әдеп жөніндегі уәкілінің қызметтік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысы туралы есептерін тыңдады.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу