Негізгі Жаңалықтар Балалар суреттеріндегі қазақстанның келешегі

Балалар суреттеріндегі қазақстанның келешегі


ДИКТОР: Туған елге деген сүйіспеншілікті бояулар арқылы бейнелеп, Қазақстанның келешегін жас ұрпақтың көзімен көрсету. Көкшетауда Республика күніне орай балалар суреттерінің байқауы өтті. Жас суретшілер елорданың көрікті орындарын, ұлттық құндылықтарды және болашақ Қазақстанның жарқын бейнесін өз туындыларына арқау етті. 

РКС: Қылқаламмен өрілген әр суретте туған елге деген ыстық ықылас, асқақ арман мен жарқын болашаққа деген сенім сезіледі. Жас суретшілер Астананың көрікті ғимараттарын, ұлттық нақыштарды және заманауи Қазақстанның келбетін өзіндік бояумен бейнелеген. Әр туындыдан баланың қиялы мен ел ертеңіне деген көзқарасы аңғарылады. Байқауға қатысушылардың бірі, Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназияның оқушысы Варвара Шубертцева. Ол 2 жыл балалар көркемсурет мектебінде білім алып, бүгінде сурет салу шеберлігін шыңдап жүр. Болашақта бойындағы шығармашылық қабілетін дизайн саласымен ұштастыруды жоспарлайды.

СНХ: ВАРВАРА ШУБЕРТЦЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді жеткізу үшін мен еліміздің әсем астанасын бейнелеуді таңдадым. Суретімдегі ең есте қаларлық нысан «Бәйтерек». Оған ерекше назар аудару үшін қызыл түсті әдейі қолдандым. Бұл түс мен үшін еліміздің еркіндігін, жетістіктері мен мүмкіндіктерін білдіреді. Ал суреттің басым бөлігін көгілдір және көк түстер алып жатыр. Олар да еркіндік пен кеңістікті бейнелейді. Мен үшін бұл түстер Қазақстанмен, туған еліммен тығыз байланысты.

РКС: Жас қатысушыларға сурет салу техникасы мен материалдарын таңдауда еркіндік берілді. Бірі акварельмен бояу жақса, енді бірі графика мен фломастерді пайдаланды. Аралас техниканы таңдағандар да аз емес. Осылайша әр бала өз ойын өзіндік мәнермен жеткізуге мүмкіндік алды. Ал жұмыстарды бағалау үшін шығармашылық сала өкілдерінен құралған қазылар алқасы шақырылды. Олар суреттердің мазмұнына, ерекшелігіне, идеясының тыңдығына және балалардың Қазақстанның болашағын қаншалықты әсерлі бейнелей алғанына назар аударды.

СНХ: ДИНАРА ҚАҚАБАЕВА, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Байқауға әртүрлі техникада орындалған жұмыстар ұсынылды. Аралас техника, акварель, фломастер, графика, балаларға таңдау еркіндігін бердік. Оларды белгілі бір тәсілмен шектемедік, осылайша суреттерінің тақырыбын еркін ашуына мүмкіндік жасадық. Жұмыстар өте алуан түрлі болды. Әсіресе балалардың дәстүрлі бейнелерді қиял-ғажайып элементтерімен үйлестіргені қызық. Олар болашақ Қазақстанды өздерінше елестетеді. Еліміздің қаншалықты дамып, гүлденгенін қалайтынын суреттері арқылы көрсетеді. 

РКС: Мұндай байқаулардың маңызы жүлделі орындарды анықтаумен ғана шектелмейді. Бұл, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өз күшіне сенімін арттыратын, еңбегінің нәтижесін бағалауға үйрететін мүмкіндік. Әсіресе, болашақта өнер жолын таңдауды армандайтын жасөспірімдер үшін мұндай тәжірибенің орны бөлек. Ал байқаудың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы жас таланттардың танылуына жол ашып отыр.

СНХ: МҰХАММЕД ҚОҢҚАЕВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫ: Бұл жылда дәстүрлі түрде өтетін байқауымыз. Жалпы білім беретін Көкшетау қаласының мектеп оқушылары қатысады. Демек, алдын ала бір мұғалім мүмкін, немесе өнер майталмандарының көмегімен салынған сурет емес. Осы жерде отырып, үш сағат уақыттың ішінде еркінен тақырып... Олар сурет салады. 

РКС: Шығармашылық сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар да анықталды. Бірінші орынды Милана Лобова иеленсе, екінші орын Жансая Қанатқа бұйырды. Ал үшінші орын Айланa Сәрсенбаеваға берілді. Жеңімпаздар өз еңбектерінің лайықты бағасын алса, өзге қатысушылар үшін бұл байқау тәжірибе жинап, шеберлігін одан әрі жетілдіруге серпін берді. Үздік жұмыстарды музейдің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялау жоспарланған. Ұйымдастырушылар шығармашылық сайыстың келесі жылы да жалғасатынын атап өтті. Осындай бастамалар балалардың шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, олардың туған елдің өткені мен бүгінін танып, ертеңіне өз көзқарасымен қарауына мүмкіндік береді. Ал түрлі бояуға боялған балғын армандардан Қазақстанның жарқын болашағына деген сенім аңғарылады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БАУРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ. 


Бөлісу