Көкшетау құрамасы «Үміт» облыстық спартакиадасының жеңімпазы атанды
ДИКТОР: Көкшетау қаласының құрама командасы ерекше қажеттілігі бар жандар арасында өткен «Үміт» облыстық спартакиадасында жалпыкомандалық есепте 1-ші орын иеленді. Жарысқа Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан 20 команда, 200-ден аса спортшы қатысты. Қатысушылар бірнеше спорт түрінен бақ сынады. Ал көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар жеке санаттар бойынша өнер көрсетті. Қала әкімі Әнуар Күмпекеев жеңімпаздарды салтанатты түрде құттықтады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Биыл «Үміт» облыстық спартакиадасына көкшетаулық 50 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша олар барлық санатта жүлделі орындарға ие болды. Шахмат, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі және күштік спорт түрлері бойынша сайыс өтті. Спартакиада бағдарламасы мүмкіндіктері мен қызығушылықтары әртүрлі спортшылардың басын қосты.
СНХ: ОРАЛ РАХИМОВ, «ҮМІТ» ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Мен өзім шахматпен айналысамын. Осындағы достарыммен, әріптестеріммен бірге Көкшетау қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткізілетін жарыстарда шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнаймыз. Мен өз басым шахмат ойнаймын. Шахматтан облыстық «Үміт» спартакиадасына қатысамыз. Жыл сайын бірінші орын алып жүрміз. Төрт жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп келеміз. Кубок аламыз, ақшалай сертификат аламыз. Міне, бүгін қала әкімі келіп, бізді құттықтағалы жатыр. Қоғамымыздың бар екеніне қуаныштымын. Сол қоғамға барып, мен өмірге деген құлшынысымды арттырып, алға қарай ұмтыла беремін. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Осы қоғамды ұйымдастырып, қолдау көрсетіп жатқан қала әкіміне алғысымыз өте үлкен.
СНХ: АМАН ҚАЖЫБАЙ, «ҮМІТ» ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Мен бірінші орын алуды армандадым. Бұл жолы бар күшімді салып, жақсы дайындалдым. Жетістігіме өте қуаныштымын. Мақсатыма жеттім. Жүзуді өте жақсы көремін. Бала кезімнен жүзуді үйрене бастадым. Есейе келе бұл спорт түріне деген қызығушылығымның ерекше екенін түсіндім.
РКС: Ерекше қажеттілігі бар жандар жыл сайын қалалық спорт ұйымдарында жаттығып, жаңа жарыстарға дайындалады. Олардың спортпен жүйелі түрде айналысып, қабілеттерін дамытуы үшін қажетті бар жағдай жасалған.
СНХ: ЕРІК МҰРАТБЕКОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Бұл шараның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Сондықтан жыл бойы спортшыларымыз қаламыздағы түрлі спорт ұйымдары мен мекемелерінде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Мұндай жетістіктер бізде дәстүрге айналған десек те болады. Спортшыларымыз ондаған жылдан бері 1-ші орынды иеленіп келеді. Биыл 50 қатысушы белсенді қатысып, көптеген жүлделі орындарға қол жеткіздік. Қатысушыларымыздың басым бөлігі, іс жүзінде барлығы дерлік, бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленді.
РКС: Әр жеңістің артында тынымсыз еңбек, жігер мен табандылық жатыр. Осындай спартакиадалар қатысушыларды жаңа белестерді бағындыруға, өз мүмкіндіктерін шыңдауға және ортақ мақсаттағы жандармен араласуға ынталандырады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.