Негізгі Жаңалықтар Өңірлік шахмат федерациясының жаңа басшысы тағайындалды

Өңірлік шахмат федерациясының жаңа басшысы тағайындалды


ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан шахмат федерациясының Ақмола облыстық филиалының жаңа басшысы таныстырылды. Сонымен қатар, жиында өңірде шахматты дамыту жоспарлары ұсынылды. Жаңа басшылыққа кім тағайындалды және оның алдында қандай негізгі міндеттер тұр? Тілші материалында. 

РКС: Ақмола облыстық филиалының басшылығы облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевқа сеніп тапсырылды. Ол өңірде зияткерлік ойын түрін дамытуға әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті. Қазір облыста 400-ге жуық шахмат үйірмесі жұмыс істейді, ал 2 мыңнан астам бала шахматпен тұрақты түрде айналысады. Айта кетейік, өткен айда «Kokshe Arena» спорт кешенінде шахматтан ардагерлер арасында республикалық чемпионат өтті. Енді жаттықтырушылар мен шахмат шеберлері жаңа басшымен танысу үшін жиналды. Кездесуге қатысушылар зияткерлік спорт түрін дамыту жоспарларына қатысты сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.

СНХ: САЙЛАУБЕК БИҒАТОВ, ШАХМАТ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Мен өте жақсы қолдаймын, біріншіден жақсы қолдап отырмын, мынау шахматты көтеріп, жаңағы біздің жаңа басшы келіп атқанына, и мынау шахмат деңгейін көтереміз, деп атқанына, одан бөлек жаңағы ауылдағы балаларды, ауылдың балаларын да көтеруге жағдай жасаймыз дегенге көп көп рахмет деп айтамын. Ол жақсы үлкен нәтиже болады деп отырмын. Жаңағы он баланың жүз баланың арасынан бір бала екі бала ол міндетті түрде шығады үлкен дәрежеге жетеді.

РКС: Сондай-ақ, федерацияның өңірлік филиалының жаңа атқарушы директоры да тағайындалды. Бұл қызметке қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін 18 жыл атқарған, елімізге танымал спортшы Мереке Жүсіпов келді. Ол алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын да айқындап берді.

СНХ: МЕРЕКЕ ЖҮСІПОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Қазір бір айдың ішінде құрылымды, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамының әлеуетін зерттеп, жағдаймен толық танысып алғым келеді. Кез келген салада нәтижеге жету үшін бұқаралық қамту мен білікті жаттықтырушылар құрамы қажет. Сондықтан жағдайды саралап, қажет болса, жаңа мамандарды тартуымыз керек. Негізгі мәселенің бірі қаржыландыру. Сол себепті демеушілер мен меценаттарды іздейтін боламыз. Ең бастысы шахматты бұқаралық деңгейде дамыту және жаттықтырушылар құрамын нығайту. Осы 2 міндетті орындамайынша, нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.

РКС: Сарапшылардың айтуынша, өңірде шахматты дамытуға үлес қоса алатын жаттықтырушылар жеткілікті. Оларды жұмысқа тарту үшін еңбек жағдайларын жақсартып, жалақыны көтеру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар шахматқа енді қадам басқан дарынды балалардың қабілетін ашуға және тәжірибелі ойыншылардың дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу