Негізгі Жаңалықтар Вандализм үшін жауапкершілік қарастырылған

Вандализм үшін жауапкершілік қарастырылған


ДИКТОР: Қоғамдық мүлікке қасақана зиян келтіргендер заң алдында жауап береді. Мәселен, аялдамалар мен ғимараттардың қабырғасына граффити салу - заң бұзушылық. Вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған. Осы мәселе бүгін құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен арнайы брифингте талқыланды.

РКС: Ғимараттардың қабырғасына салынған граффитидің бәрін шығармашылық деп бағалауға болмайды. Егер сурет бөтеннің мүлкіне зиян келтірсе, заң алдында жауап беруге тура келеді. Құқықтық шараның түрі жасалған әрекеттің сипаты мен заң талаптарына сай айқындалады.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Қарапайым тілмен айтқанда, рұқсат болса – бұл шығармашылық, ал рұқсатсыз сурет салып, бөтеннің мүлкін бүлдірсеңіз, бұл – құқық бұзушылық. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Сондықтан «Мен жай ғана сурет салдым» деген уәж жауапкершіліктен босатпайды.

РКС: Аймақта полиция вандализмнің алдын алып, қоғамдық орындардың тазалығы мен абаттандыру талаптарының сақталуын да қадағалайды. Тәртіп сақшылары бекітілген аумақтарды тұрақты аралап, саябақ пен аулалардың жағдайын тексеріп тұрады.

СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бұл бағыттағы құқық бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабында жауапкершілік көзделген. Ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты 436-2-бап қолданылады. Абаттандыру қағидаларын бұзған жағдайда ескерту жасалуы немесе жеке тұлғаларға айыппұл салынуы мүмкін. Ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін қоғамдық жұмыстарға тарту, айыппұл және басқа да санкциялар қарастырылған.

РКС: Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 11 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу