Негізгі Жаңалықтар «Оқжетпес» тобының «Ләйлім» атты концерті

«Оқжетпес» тобының «Ләйлім» атты концерті


ДИКТОР: Ақмола өңірі өнерден кенде емес. Соның бір дәлелі – Степняк қаласында өткен «Оқжетпес» тобының «Ләйлім» атты концерті. Көкшенің әншілік өнерін дәріптеп жүрген өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық өнерді ұлықтаған кеште Арқаның дәстүрлі әндері шырқалып, жергілікті ақындардың шығармаларына жазылған туындылар орындалды.

Интершум: 

РКС: «Оқжетпес» тобының құрылғанына он бес жылға жуықтаған. Өнер жолын дуэт болып бастаған ұжым бүгінде бес өнерпаздан құралған шығармашылық топқа айналды. Осы уақыт аралығында ән қорын байытып, өзіндік орындау мәнерін қалыптастырған. Репертуарында Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды сал-серілердің таңдаулы туындылары бар. Сонымен қатар, Көкше өңірінің бүгінгі ақындарының сөзіне жазылған әндерді де орындап жүр. Өнерпаздар дәстүрлі шығармалардың негізін сақтай отырып, заманауи нақышта өңдеп, эстрадалық үлгіде ұсынады. Осылайша, ұлттық ән өнерін жаңа қырынан танытып жүр.

СНХ: ҚАЗБЕК ҚАЛИЕВ, «ОҚЖЕТПЕС» ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Алдымызда үлкен жоспарларымыз бар. Үкілі Ыбырайдың әндерін жазамыз деп отырмыз енді. Домбырамен де айтамыз, жастар да тындасын деген мақсатпен аранжировка жазып, табиғатын бұзбай, қазақылығын бұзбай, домбыра қосып, қобыз қосып, баян, аккордеон қосып жазып жатырмыз.

РКС: Ұжымның басты ұстанымы – халықтық үлгіден алшақтамай, ұлттық ән өнерінің тамырын сақтау. Әнмен әуелеп, күмбірлеген күймен көмкерілген кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. 

СНХ: САҒЫНДЫҚ МӘМБЕТ, КӨРЕРМЕН: Осы концерт болады деп Мұрат Ыдырысұлы ағамыз айтып, Көкшетау қаласынан арнайы келдік. Осы жігіттерге рахмет айтамыз. Шығармашылық табыстар тілейміз. Әсіресе мынау жергілікті Біржан салдың әндері, айтқан Ләйлімі, тағы да басқа әндері өте ұнады, Ақан серінің әндері, Сәуле ауылына шығарған, елге шығарған, Алмас Темірбайдың сөзіне жазылған әндерөте жақсы, тартымды шықты, халық зор ықыласпен қарсы алды, құрметтеді, қошеметтеді.

СНХ: МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, КӨРЕРМЕН: Репертуары өте бай, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайлардың халық күйлерін орындайды. Халыққа кең танылды. Ақмола облысында, басқа облыстарда жігіттерге сұраныс көп. Жігіттер Сәуле ауылының жігіттері. Концерт өте ұнады. Маңызды, өте тәрбиелік маңызы бар, тарихи маңызы бар, сезімге толы үлкен әндерді жүрекпен орындады. Ылғи ізденісте жүреді. Концерттің құнары бар, маңызы бар, үлгісі бар.

СНХ: ДӘУЛЕТ МҰХАРХАН, КӨРЕРМЕН: Өнерде салған өздерінің дара жолдары бар бұл жігіттердің. Қазақы өнер дегенде қазақы өнердің түрі көп, соның ішінде мынау қазақтың ән өнерін арқалап жүру әр азаматқа ауыр жүк. Бұл жігіттердің ұстанатын бағыты халықтық үлгі, өзім дәстүрлі әнші ретінде сол жағына көп назар аударамын, тыңдағым келетін дүниені тындадым, алатын нәрсемді алдым, ризамын жігіттерге.

РКС: Кеш соңында өнерпаздарға зиялы қауым өкілдерінің атынан марапаттар табысталды. Айта кетейік, «Ләйлім» концерттік бағдарламасы бұған дейін Бұланды ауданының жұртшылығына ұсынылған. Енді ұжым шығармашылық сапарын өңірдің өзге де аудандарында жалғастыруды жоспарлап отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу