Негізгі Жаңалықтар Аймақта өрт қауіпсіздігінің онкүндігі өтуде

Аймақта өрт қауіпсіздігінің онкүндігі өтуде


ДИКТОР: Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен елімізде өрт қауіпсіздігіне арналған онкүндік өтуде. Бүгін – акцияның үшінші күні. Алғашқы екі күнде мамандар көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал бүгін профилактикалық шаралар шаhардағы №17 орта мектеп пен Әл-Фараби атындағы IT-мектеп-лицейінде жалғасты. 

РКС: Онкүндік аясындағы шаралар өңірдегі білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен қамтиды. Мамандар төтенше жағдайлардың алдын алуда балалардың қауіпсіздік ережелерін ерте жастан меңгеруі маңызды екенін айтады. Сондықтан профилактикалық жұмыстар тек түсіндірумен шектелмей, оқушылардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға да бағытталған.

СНХ: ЖАНГЕЛДІ МӘДИ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Көкшетау қаласында ғана емес, барлық Ақмола облысының өңірінде осы акция өтіп жатыр. Бүгін біз облыс департаментімен лицей және 17-ші мектепті таңдап алдық. Көкшетау қаласының қызметкерлері барлық қалада өткізетін болады. Бүгінгі тақырып мектепке арналған, келесі төртінші тақырыбымыз балабақшаларда өтеді.

РКС: Ашық сабақ еркін форматта өтті. Оқушылар мамандармен тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.  

СНХ: ӘДІЛХАН РАХМЕТОЛЛА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ІТ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Төтенше жағдай мамандары бізге ашық сабақ өткізді. Ашық сабақта өрт кезінде қандай шаралар қолдану керектігін айтты. Мектеп кезінде өрт қықса не істейтінімізді түсіндірді. Кері байланыс жасай алдық. Өздерінің құралдарын ұстатуға берді. Жұмыстары туралы айтты.

РКС: Мектепте өрт қауіпсіздігіне қатысты теориялық сабақтармен қатар, тәжірибелік жаттығулар да өткізіледі. Соның бірі – эвакуациялау жұмыстары. Жаттығу кезінде оқушылар мен ұстаздар дабыл белгісі берілген сәттен бастап белгіленген тәртіппен ғимараттан шығып, қауіпсіз аймаққа жиналады. Мұндай шаралар мектеп ұжымының төтенше жағдайға дайындығын тексеруге мүмкіндік береді.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ ДАНИЯРОВА, №17 ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Оқушылар төтенше жағдай кезінде мектептен қалай шығу, өзін қалай ұстау тәртібін бәрін жақсы меңгерген. Біздің басты мақсатымыз - оқушылардың қауіпсіздігі. Сол себепті тұрақты түрде оқу-жатығулар өткізіп тұрамыз. Төтенше жағдай департаментімен бірге осындай эвакуациялық оқу жаттығулары міндетті түрде жыл бойын да өткізіліп тұрады. 

РКС: Онкүндік басталғалы облыс аумағында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Мамандар 3 мыңға жуық жекеменшік тұрғын үйді аралап, 130-ға жуық өрт дабыл қаққышын орнатты. Түсіндіру жұмыстары 8 мыңға жуық тұрғынды қамтыды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу