«Көкше энерго» серіктестігінің құрылымдары арасында спартакиада жалғасуда
ДИКТОР: «Көкше Энерго» серіктестігінің құрылымдық бөлімшелері арасында жыл сайынғы спартакиада жалғасып жатыр. Бір айға жоспарланған жарыс аясында қатысушылар спорттың 8 түрінен жарысады. Спорттық шараның барысын тілшіміз Евгений Варанкин тамашалап қайтты.
РКС: Спартакиадаға Ақмола және көршілес Солтүстік Қазақстан облыстарынан 11 құрама қатысуда. Бұған дейін қатысушылар волейбол мен дартстан бақ сынаса, бүгін шахмат пен футболдан мықтыларды анықтады. Мұндай жарыстар әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ұжымдық байланысты арттыруға септігін тигізеді.
СНХ: БАУЫРЖАН ИСМАҒАМБЕТОВ, «КӨКШЕ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгін футбол мен шахматтан жарыстар өтіп жатыр. Ал жеңімпаздарды анықтап, марапаттау рәсімін Энергетиктер күні өткізуді жоспарлап отырмыз. Жүлдегерлерге сыйлықтар мен медальдар табысталады. Мұндай жарыстарды жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Әсіресе жастардың спорттық шараларда белсенділік танытқаны қуантады. Әрине, қызметкерлердің жұмыс кестесін ескере отырып, барынша көп адамның қатысуына мүмкіндік беретін уақытты таңдаймыз.
РКС: Спартакиадаға қатысушылар жарысқа тыңғылықты дайындалған. Кейбірі бұл додада бірнеше жылдан бері бақ сынап жүр. Тіпті футболдан бірнеше мәрте чемпион атанғандар да бар. Қатысушылардың айтуынша, мұндай жарыстар спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, әріптестермен тәжірибе алмасып, командалық рухты көтеруге де ықпал етеді.
СНХ: ВЛАДИМИР ЖЕРЕБЬЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (Ғ. МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ, СҚО): Бұл жарысқа бес жылдан бері жыл сайын қатысып келемін. Волейбол ойнаймын, теннис пен бильярдқа да қатысамын. Алдыңғы жылы екінші орын алдық. Былтыр сәл жолымыз болмай, төртінші орынға тұрақтадық. Биыл міндетті түрде жүлделі орыннан көрінуіміз керек. Жақсылап жаттығып, дайындалдық. Биыл командамыздың құрамы да әлдеқайда мықты.
СНХ: ЕЛДОС БАЛТАБЕКОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Футбол спартакиадасына он жылға жуық уақыттан бері қатысып келемін. Алты дүркін чемпион атандым. Сонымен қатар екінші және үшінші орындарды да иеленген кездеріміз болды. Спортта өзімізді көрсетуге, бір алаңда бас қосып, әріптестермен жүздесуге мүмкіндік бергені үшін «Көкшетау Энерго» басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!
СНХ: АЗАТ ЕСЕНКЕЛДІ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:/ Аптасына екі рет жаттығу өткіздік. Әр жолы жиналып, өзара жолдастық кездесулер де ұйымдастырып жүрдік.
РКС: Энергетика саласының бірқатар қызметкері футболдан үздік команда атану үшін алаңда бақ сынап жатса, енді бір тобы шахмат тақтасында бар зейінін ойынға шоғырландырып, үнсіз бәсекеге түсті. Зейін мен стратегиялық ойлауды талап ететін бұл сайыста әр жүрістің маңызы зор. «Көкше Энерго» серіктестігінің қызметкері Марина Солтыс шахматқа деген қызығушылығы мен жарыс барысындағы әсерімен бөлісті.
СНХ: МАРИНА СОЛТЫС, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Мектепте шахмат ойнағанмын. Бірақ ол кезде ойынның қыр-сырын толық түсіне бермейтінмін. Кейін «Көкшетау Энергода» жұмыс істей бастаған соң, жарыстарға қатысып, шахматқа деген қызығушылығым арта түсті. Неғұрлым көп ойнап, жиі жаттықсаң, соғұрлым тәжірибең мен дағдың шыңдала түседі. Бұл жолғы ойынға деген сенімім жоғары. Себебі жыл өткен сайын шахматпен жиі айналысып келемін. Әріптестерімізбен бірге ойнап қана қоймай, онлайн форматта да бақ сынаймыз.
РКС: Спартакиадаға қатысушылар спорттың сегіз түрінен өзара мықтыны анықтайды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Энергетиктер күніне орай өтеді. Келесі жұма күні әуесқой спортшылар үстел теннисі мен тоғызқұмалақтан бақ сынайды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ