Көкшетауда мамандандырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
ДИКТОР: Көкшетауда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарға арналған мамандандырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған қатысқан жұмыс берушілер түрлі сала бойынша ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынып, тұрақты жалақы төлеуге дайын екендіктерін жеткізді.
РКС: Жәрмеңкеде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға 14 мекеме 81 бос жұмыс орнын ұсынды. Айта кетейік, Көкшетауда осындай шаралардың нәтижесінде осы уақытқа дейін 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі құрылыс және өнеркәсіп салаларына орналасқан.
СНХ: ШОҚАН ҚҰСАЙЫНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі таңда есепте тұрған азаматтардың ішінде он екі адам жұмыссыз. Яғни, біз оларға жұмысқа орналасуға көмек көрсету мақсатында бүгін осында шақырдық. Мұндай іс-шаралар қоғамнан оқшауланбаған сотталған азаматтар үшін де, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар үшін де өте маңызды. Себебі бұл оларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
РКС: Ұйым өкілдері азаматтарға білімі мен еңбек тәжірибесіне сәйкес келетін жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар еңбек жағдайлары, жалақы мөлшері және жұмыс берушінің есебінен қосымша білім алу мүмкіндіктері түсіндірілді. Жәрмеңкеге жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындары да қатысты.
СНХ: ЗОЯ РЫБЧЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өзіме жұмыс іздеп жүрмін. Көпбалалы анамын, бес балам бар. Кіші балам балабақшаға барады. Сондықтан оны таңертең балабақшаға апарып, кешке алып кетуге мүмкіндік беретін жұмыс іздеп жүрмін. Қоймашы қызметіне өтініш бердім.
РКС: Дәл осындай жәрмеңке бүгін Көкшетау қаласымен қатар Ақмола облысының барлық өңірінде ұйымдастырылды. Бұл шаралар бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарды тек қалаларда ғана емес, шалғай аудандарда да жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
СНХ: БАҚЫТЖАН ҚҰСАЙЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Біздің мансап орталықтары мекемелермен меморандумға қол қойып, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл – әлі бостандыққа шықпаған, бірақ алдағы екі-үш айда босатылуы тиіс азаматтарға қатысты. Біз олардың қандай мамандық иесі екенін сұратып, тізімдерін аламыз. Содан кейін бұл мәліметтерді әлеуетті жұмыс берушілерге жолдаймыз. Олар мамандықтарына қарай бос жұмыс орындарын қарастырады. Ал бостандыққа шығатын азаматтарға өз мамандығы бойынша қай жерде жұмыс бар екенін алдын ала хабарлаймыз.
РКС: Мұндай шаралар азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, жаңа әлеуметтік байланыстар орнату арқылы бұрын сотталған азаматтар қоғамға бейімделу кедергілерін жеңіл еңсеріп, заңға бағынатын әрі белсенді өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттыра алады.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, НАИР ЗАХОВАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ