Ақмола облысында бес мәдени нысан салынады
ДИКТОР: Облыс аумағында «Халықтық құрылыс» жобасы аясында бес мәдени нысан бой көтереді. Қазір екеуінің алғашқы қазығы қағылды. Оның бірі – облыстық қазақ музыкалық-драма театры болса, енді бірі Бурабай ауданындағы конгресс-орталық. Бұдан бөлек, Целиноград, Зеренді аудандары мен Степногорск қаласында жаңа өнер ошақтары салынады.
РКС: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының салынғанын биыл 30 жыл болды. Осы уақыт аралығында өнер ұжымы халыққа көптеген қойылым ұсынып, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Келер жылы театр актерлері 300 орындық жаңа ғимаратқа көшеді.
СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш. ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Біз өзіміз қатты қуаныштымыз. Кез келген сала заман талабына сай дамуы керек. Өркендеу керек. Сәулетті театрдың салынуы қаланың сән-салтанатын асырумен қатар руханияттың кемелденіп, дамуына да үлкен хор үлес қосады деген ойдамыз.
РКС: Ал Зеренді ауданында алғаш рет тарихи-өлкетану музейі ашылмақ. Жаңа нысан курортты өлкенің мәдени инфрақұрылымын жаңғыртып, туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек. Қазір жәдігер жинау жұмыстары жүріп жатыр.
СНХ: АЙТОЛҚЫН ХАЙБАР, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бізде «Музейге жәдігер сыйла» акциясы басталған. Акция жарты жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Осы уақыт аралығында көптеген ерекше жәдігерлер табылуда. Олардың ішінде этнографиялық жәдігерлер көптеп жиналып жатыр. Негізгі заңға сәйкес, бес мыңнан астам халқы бар елді мекендерде музей ашу үшін мыңнан астам жәдігер болуы керек. Қазіргі уақытта сол межеге жақындап қалдық.
СНХ: СЕРІК БАЙМҰРЗИН, ЗЕРЕНДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Зеренді өңірі табиғи қазба байлықтарына да бай. Археологиялық қазба жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр. Мынау Қошқарбай тауының етегінде орналасқан сонау тас дәуіріндегі, қол дәуіріндегі жәдігерлер табылып жатыр. Осылардың барлығы қойылса, елімізге жақсы құпта-құп деп, келген саяхатшыларға өте тартымды бір іс-шара болады деп ойлаймыз.
РКС: Биылдың өзінде өңір бойынша бес мәдени нысан пайдалануға берілді. Келер жылы тағы бес өнер ошағын салу көзделіп отыр.
СНХ: НҰРҒИСА ДӘУЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Менің ойымша, мұнымен тоқтап қалмайды. Бізді қазір Үкімет тарапынан, облыс тарапынан қолдап жатыр. Қазір сәйкес құжаттарды дайындаған кезден бастап біз тағы да жанағы келесі жылғы құрылыстарымыздың санын арттырамыз деген ойдамыз.
РКС: Қазір аймақта апатты жағдайда тұрған 10 мәдениет ошағы бар. Жауаптылар бірінші кезекте сол мәселені шешуге мүдделі. Жалпы соңғы бес жылда өңірде 13 мәдени нысан бой көтеріп, 60-тан астам ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға ел қазынасынан 20 млрд теңге бөлінді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ