Негізгі Жаңалықтар Облыс бойынша 104 адамға қайтарымсыз грант беріледі

Облыс бойынша 104 адамға қайтарымсыз грант беріледі


ДИКТОР: Демеуқаржыға тұрғындар өз ісін ашып немесе кәсібін одан әрі дамыта алады. Осы мақсатта облыс бюджетінен 174 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 150-ге жуық адамға 2 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. 

РКС: «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғандардың бірі – Халид Ибаев. Сандықтаулық кәсіпкер биыл мемлекеттен 7,2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, асылтұқымды 13 бас ірі қара сатып алды. Енді шаруашылығын кеңейтіп, мал басын көбейтпек.

СНХ: ХАЛИД ИБАЕВ, КРАСНАЯ ПОЛЯНА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бөлінген қаржының 1 млн теңгесіне малға азық алдым. Қазір мұндағы ірі қараның тұқымы да әртүрлі. Оның ішінде ангус, ақ бас, алтай сиырлары бар. Негізінен «Ауыл аманаты» бағдарламасы біз сияқты ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Пайыздық мөлшерлемесі аз. Сондықтан алдағы уақытта осы жобаға тағы қатысып, шаруашылықты өркендеткім келеді.

РКС: Ал көкшетаулық Сайёра Жақанова мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын кондитерлік цех ашқан. Көпбалалы ана сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру үшін 1,7 млн теңге қайтарымсыз грант алған.

СНХ: САЙЁРА ЖАҚАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мемлекеттен алған қаржыға үлкен пеш және екі тоңазытқыш сатып алдым. Бұның бәрі жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бағдарлама өте тиімді. Әсіресе көпбалалы аналар үшін таптырмас мүмкіндік. Жеке кәсіп ашып, дамуға жақсы ықпал етеді.

РКС: Мұның бәрі жұмыссыздықты жойып, халықты кәсіпкерлікке жұмылдыру үшін жасалып отыр.

СНХ: ЕРЛАН МҰХАМЕДИН, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көбінесе жеңілдетілген несиені көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтар алады. Бұл санаттағы кісілер алғаш алған қаржыларын қайтармайды. Алайда бөлінетін барлық сома мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Қажет болса, арнайы оқу курсынан да өтеді.

РКС: Соңғы үш жылда өңірде 674 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан. Оған ел қазынасынан 1 млрд теңге бөлінді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.


Бөлісу