Негізгі Жаңалықтар Ересектер арасында жүзуден ашық турнир өтті

Ересектер арасында жүзуден ашық турнир өтті


ДИКТОР: Сонымен қатар өткен сенбі күні шаһарда ересектер арасында жүзуден «OQZHETPES SWIM CUP 2026» ашық турнир ұйымдастырылды. Жарысқа 100-ден астам әуесқой спортшы қатысты. Тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

РКС: Жарысқа қатысушылар 50, 800 метр және 1,5 шақырым қашықтықта бақ сынады. Әуесқой жүзушілер 20 мен 29, 30 бен 39, 40 пен 49 және 50 жастан жоғары санаттар бойынша сынға түсті. Турнирдің басты мақсаты – ересектер арасында жүзу спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және әуесқой спортшылардың басын қосу.

СНХ: ОЛЬГА ДРАНИШНИКОВА, ЖҮЗУДЕН ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІ: Бұл шара Ақмола облысының ересек тұрғындары мен әуесқой спортшылар арасында спортты кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бүгінгі жарысқа арнайы қонақ ретінде Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін рекордшысы, жүзуден ұлттық құрама мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Әділбек Мусин шақырылды. Ол әуесқой жүзушілерге арнап шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибесімен бөліседі.

РКС: Ұйымдастырушылар мұндай жарыстардың жиі өткізілетінін айтады. Бүгінде жүзу – көпшіліктің қызығушылығын тудырған спорт түрінің бірі. Оның танымалдығы жыл санап артып келеді. Қазір облыста 5 мыңнан астам бала жүзумен айналысады. Әсіресе, балалар үшін жүзе білу – өмірлік маңызы бар дағдының бірі.

СНХ: ӘДІЛБЕК МУСИН, ЖҮЗУДЕН ҚР ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Әсерім, көңіл күйім өте жақсы, керемет. Осыншама адамның жиналғанына қуаныштымын. Жүзу спортының шынымен де кеңінен насихатталып жатқаны қуантады. Адамдар осындай еркін ортада бас қосып, күш-қуат жинап, пікір алмасып, жүзуден ләззат ала алады. Бүгін еркін форматта әңгімелесу өткіземіз. Өзімнің спорттағы жолым, жүзуге қалай келгенім және маған не түрткі болғаны туралы айтып беремін. Сондай-ақ, жас спортшылар да кездесуге қатысады. Оларды алға ұмтылып, шеберліктерін шыңдауға, еліміздің абыройы үшін еңбек етуге ынталандыра алсам деймін.


РКС: Турнирге қатысушылар арасында тәжірибелі әуесқой жүзушілер де бар. Солардың бірі Дмитрий Шмулич. Ол 50 жас санатында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Айтуынша, биыл бұл турнирге алғаш рет қатысып отыр. Спортшы 50 метрлік қашықтықты 36 секундта, ал 800 метрді 15 минутта жүзіп өтті.


СНХ: ДМИТРИЙ ШМУЛИЧ, 50 ЖАС САНАТЫНДА ЖАРЫСТЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ: Жүзумен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Бұл спорт түрі өзіме ұнайды. Өйткені жүзу кезінде тізеге, буындарға және арқаға түсетін салмақ аз. Әдетте таңертең жұмысқа дейін жаттығамын. Жүзуден кейін өзіңді өте жақсы сезінесің, күні бойына күш-қуат аласың. Тек жағымды әсер алдым. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Барлығы жоғары деңгейде өтті. Қазақстандық чемпионымызды шақырғандары да қуантты. 


РКС: Мұндай жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Турнирге қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберліктерін шыңдады. Ал жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды.


ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу