Edu Ai платформасы педагогтердің жұмысын жеңілдетуде
ДИКТОР: Көкшетауда ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған жасанды интеллект негізіндегі EDU AI цифрлық платформасы әзірленді. Жобаның авторы – шаhардағы №20 мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі Минас Ерланұлы. Заманауи қосымша педагогтердің сабаққа дайындалуына, оқу материалдарын әзірлеуіне және интерактивті сабақтар өткізуіне мүмкіндік береді. Бүгінде отандық жоба еліміздің әр өңіріндегі мыңдаған мұғалімнің сұранысына ие. Бастама ұстаздармен қатар, оқушылардың да IT саласындағы қабілетін шыңдап, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
РКС: EDU AI платформасы былтыр желтоқсанда іске қосылды. Бір сайтта мұғалімдерге арналған бірнеше цифрлық құрал біріктірілген. Атап айтқанда, қысқа мерзімді сабақ жоспарларын әзірлеуге, презентациялар жасауға, тест құрастырып, жұмыс парақтарын дайындауға арналған мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде қосымшаны тек Көкшетау қаласының педагогтері ғана емес, еліміздің өзге өңіріндегі ұстаздар да пайдаланады. Платформаның ай сайынғы аудиториясы 10 мыңға жуық. Мұғалімдер бұл ресурсты сабаққа дайындық барысында кеңінен қолдануда. Сонымен қатар жоба оқушылардың техникалық қабілеттерін дамытуға да ықпал етуде. Қазірдің өзінде мектеп оқушылары жасанды интеллект саласында өздерінің алғашқы стартаптарын әзірлеуге кіріскен.
СНХ: БӘТИХАН РҮСТЕМ, ОҚУШЫ: Бұл идеяны мен сабақта ағаймен бірге жұмыс жасап отырып таптым. Бұл география пәнінен оқушыларға көмек береді. Бұл айти саласы менің басыма мұғалім арқылы келді. Бізге ағай түрлі сайттар жасау арқылы көмектесіп отырды. Сол сайттардың арқасында бұндай интерес менде пайда болды.
РКС: Оқу материалдарын әзірлеумен қатар, платформа сабақ өткізуге арналған түрлі құралдарды да ұсынады. Мұнда камера арқылы басқарылатын интерактивті ойындар, оқушыларды топтарға бөлу, кері байланыс орнату және сабақ соңында рефлексия жүргізу мүмкіндіктері қарастырылған. Платформада инклюзивті білім беруге арналған жеке бөлім бар. Жоба авторы, информатика пәнінің мұғалімі Минас Ерланұлы платформаға педагогтердің әдістемелік материалдарды іріктеуіне және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмысты тиімді ұйымдастыруына көмектесетін арнайы құралдарды да енгізген.
СНХ: МИНАС ЕРЛАНҰЛЫ, №20 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Инклюзивті білім беру бағытында мұғалімдерге арналған әртүрлі әдістемелік материалдарды оңай дайындауға мүмкіндік бар. Ең алдымен, біздің негізгі функциямыз – ақпараттық қолдау. Платформада мұғалімдерге қажетті ақпараттың барлығы қамтылған. Ақпараттық платформа арқылы оқушыларға тапсырма беріп, ойын форматында жауап алуға болады. Инклюзивті камера арқылы оқушының жауабын жасанды интеллект көмегімен тақтаға шығаруға болады. Бұл балалар үшін өте қызықты. Сонымен қатар, оқушыларды ұлттық құндылықтарға байланысты асықтар арқылы топқа бөлу мүмкіндігі қарастырылған.
РКС: Осылайша, EDU AI платформасы заманауи технологиялар мен білім беру үдерісін өзара ұштастырып отыр. Цифрлық ресурс ұстаздардың уақытын үнемдеуге көмектессе, оқушыларға ақпараттық технологиялар саласында тәжірибе жинақтап, қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ