Санитарлық талаптарды бұзғандарға 46 миллион теңгеден астам айыппұл салынды
ДИКТОР: Өңірде санитарлық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері 98 жоспарлы тексеру жүргізді. Нәтижесінде 75 нысанда заң бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 19 миллион теңгеден асатын 64 әкімшілік хаттама толтырылды.
РКС: Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді, профилактикалық мониторингті, бақылау мақсатында сатып алуды және тергеп-тексеруді қамтиды. Жалпы 649 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 359 нысанда заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 27,5 миллион теңгеден астам сомаға 84 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 71 материал сотқа жолданды.
СНХ: ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бақылаудың әр түрі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тексерілуге жататын барлық нысанды қамтиды. 220-сыншы бұйрықта тексерілуге жататын нысандардың нақты тізімі көрсетілген. «Ерекше бақылау» санатына балаларға қатысты барлық нысан кіреді. Бұл бағытта тексерулер жүргізіліп жатыр. Екінші жартыжылдыққа 1443 нысан жоспарланған. Онда заңбұзушылықтар анықталғанымен, әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылмайды. Оның орнына нұсқама беріледі, яғни нысанға анықталған кемшіліктерді жою үшін белгілі бір мерзім белгіленеді. Осы мерзім аяқталғаннан кейін мамандарымыз жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нұсқаманың орындалуын бақылайды.
РКС: Профилактикалық бақылау да маңызды бағыттың бірі. Мамандардың айтуынша, ең алдымен ол нысанға бармай-ақ жүргізіледі. Егер осыдан кейін кәсіпорын анықталған заң бұзушылықтарды жоймаса, онда нысанға барып тексеру жүргізіледі. Он ай ішінде профилактикалық бақылаудың бұл түрімен 130 нысан қамтылды. Оның 126-сында заң бұзушылық анықталды. 70 жағдайда жедел ден қою шаралары қолданылып, сондай-ақ кемшіліктерді жою туралы 67 нұсқама берілді.
СНХ: ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Лауазымды тұлғалардың қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, санитарлық қағидаларды сақтауына бақылау жүргізіледі. Атап айтқанда, үй-жайлар мен аумақтың санитарлық жағдайы, сумен жабдықтау талаптары, өнімдерді сақтау және өткізу шарттары, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, дезинфекциялық шаралардың жүргізілуі және қажетті құжаттаманың болуы бағаланады. Бақылау көлемі нысанның түрі мен ерекшеліктеріне байланысты. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылмай, тек оларды жою мерзімі көрсетілген нұсқама беріледі. Нысан профилактикалық бақылауға барып тексеру жүргізу тізіміне енуі үшін бұған дейін онда бармай профилактикалық бақылау жүргізілуі тиіс. Егер берілген ұсынымдар орындалмаса, нысан автоматты түрде тізімге енгізіледі.
РКС: Жұқпалы аурулар, тамақтан улану және топтық сырқаттану жағдайлары тіркелген кезде мамандар санитарлық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Есепті кезеңде облыста осындай 711 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 105 нысанда заң бұзушылық анықталды. 8 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл шаралардың барлығы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге және азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған. Өңірде санитарлық талаптардың сақталуын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ