Негізгі Жаңалықтар Қайтарылған активтер – балалар игілігіне

Қайтарылған активтер – балалар игілігіне


ДИКТОР: Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің тәрбиеленушілер саны артып келеді. Заманауи кешен елге қайтарылған активтер есебінен салынған. Арнайы мемлекеттік қордан оған 2,1 миллиард теңге бөлінді. Өңірдегі әріптесіміз Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалы.

РКС: Бокс пен күрес залдары – заманауи спорт мектебінің басты мақтанышы. Еденге тайғанамайтын кәсіби боз кілемдер төселген. Бұл балалардың қауіпсіздігінің кепілі. Заманауи тренажерлар мен спорттық снарядтар – осының бәрі болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге септігін тигізеді,-дейді жаттықтырушылар. 

СНХ: ҚУАНЫШ ШЕКЕРІМОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Бұрын мұндай жағдай болған жоқ, шындығына келсек, мұндай зал, ондай болған жоқ. Біздің дарынды балаларымыздың бәрі спорт интернаттарына кететін, қалаға кетіп қалатын. Қалаға кетіп, сол жақта жаттығатын. Енді қазір өз чемпиондарымызды осындай залда тәрбиелеп шығарып жатырмыз. 

РКС: Ақылжан қазақ күресімен 4 жыл айналысып келеді. Ол заманауи кешенде кәсіби түрде жаттығу үшін көрші Айдабол ауылынан арнайы келіп жүр. 

СНХ: АҚЫЛЖАН АСЫЛТАС, ОҚУШЫ: Біздің ауылда күрес залы өте кішкентай, бірақ мында Зерендіге келіп, маған мұнда өте ұнайды. Күрес залы өте үлкен, Кең. Мында киім ауыстыратын бөлмесі бар, душ бар. Маған мына жерде өте ұнайды. 

РКС: Қазіргі таңда аудандағы спорт мектебінде 900-ге жуық оқушы жаттығып жүр. Жаңа мектептің арқасында тәрбиеленушілердің саны жыл санап артып келеді. Тек бір жылда 200-ден астам бала қосылған. 

СНХ: ҚАЙЫРБЕК ҚАЛИБАЕВ, ЗЕРЕНДІ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұрын мектебімізде 7 спорт түрінен 644 оқушы шұғылданатын. Қазіргі уақытта 11 спорт түрімен 883 бала жаттығуда. Сонымен қатар жаттықтырушыларымыздың да саны көбейді. Яғни, 14 жаттығудан 27 жаттықтырушыға дейін жеткіздік және жаттықтырушыларымыздың санымен сапасы да көтерілді. 

РКС: Облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 34 әлеуметтік ғимарат салынды. Оның екеуі спорт нысаны. 

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу