«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 825 мекенжай тексерілді
ДИКТОР: Ақмолалық полицейлер «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында профилактикалық есепте тұрған 12 мыңнан астам азаматты тексерді. 1 ай ішінде тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін 825 мекенжайды аралаған. Рейд нәтижесінде көші-қон заңнамасы мен азаматтық қаруды сақтау тәртібінің бұзылу деректері анықталды. Сондай-ақ, бірқатар тұрғынға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күші жойылды.
РКС: Жедел-профилактикалық шара қазанның 5-і басталды. Оған полиция қызметкерлері, пробация қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері жұмылдырылды. Мобильді топтар профилактикалық есепте тұрған азаматтар тұратын үйлер мен пәтерлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.
СНХ: ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Рейд барысында тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған 12 мың 396 азаматпен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалаудағы тұлғалар, отбасында жанжал шығаратын азаматтар, соттылығы өтелмеген азаматтар, тұрмысы қолайсыз отбасылардың мүшелері, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрғандар бар. Тексеру қорытындысы бойынша Көкшетау, Степногор қалалары мен Ақкөл, Астрахан және Атбасар аудандарының бірқатар тұрғынына қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күші жойылды.
РКС: Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 197 деректі анықтады. Оның ішінде Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 111 шетел азаматы бар. Сондай-ақ, облыстың 73 тұрғыны қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 ай ішінде 7 мыңнан астам адамға құқықтық және консультациялық көмек көрсетілді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, КӨКШЕ АҚПАРАТ.