«Орталық-Батыс» трассасы Егіндікөл ауданын негізгі аймақтармен байланыстырмақ
ДИКТОР: Өңір басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Егіндікөл ауданының тұрғындарымен кездесті. Онда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың орындалу барысына тоқталды. Бауманское ауылында медициналық пункт жасақталып, жедел жәрдем бөлімі жөнделген. Буревестник ауылында сапалы ұялы байланыс пен ғаламтор пайда болды. Кездесу барысында тағы да қандай өзекті мәселелер көтерілді. Тілші баяндайды.
РКС: Аудан үшін маңызды жобаның бірі ¬– «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысы болмақ. Бұл бағыттың 120 шақырымнан астам бөлігі Егіндікөл ауданы арқылы өтетінін ескерсек, алдағы уақытта сауда-саттықты жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың елді мекеннен кету үрдісін бәсеңдетуге септігін тигізеді деп күтілуде.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Астананы Көкшетаумен және Қарағандымен байланыстыратын бағыт Егіндікөл ауданының аумағы арқылы өтеді. Бұл жол бойындағы қызмет көрсету саласын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тың серпін береді. Ұзақ уақыт бойы жоспарлау сатысында болған жобаға бөлінген 1,5 триллион теңгелік қаржыландыру аясында келесі көктемде ауқымды жол құрылысы басталады.Бағыт Астанадан басталып, Шортандыға қарай бұрылады да, сіздердің аудандарыңыз арқылы өтіп, Арқаық бағытымен батысқа қарай тікелей жол ашады. Бұл өңірлер арасындағы байланысты нығайтып,тауар тасымалдауды жеңілдетеді әрі сауда-саттықты жандандырады. Бұл шаралар, ең болмағанда, халықтың басқа жаққа кету үрдісін тоқтатуға мүмкіндік береді деп сенемін.
РКС: Егіндікөлдің өзінде жолдар жөнделіп, жарық тартылып, бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтірілді. Бұдан бөлек, 35 жыл ішінде алғаш рет Егіндікөл мен Спиридоновка ауылдарының арасында тұрақты автобус бағыты іске қосылды. Демалыс аймақтарын абаттандыру да қатар жүргізіліп жатыр.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Спиридоновка ауылында жағажай абаттандырылды онда тұрғындардың жайлыдемалуы үшін қажетті жағдай жасалды.Егіндікөлдің өзінде де жағажай аумағын жайластыру жұмыстары басталып кетті. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Келесі жылы тұрғындар ол жерде толыққанды демалып, бос уақыттарын өткізе алатын болады. Тұрғындар көп баратын спорт нысандары да назардан тыс қалмауда. Аудан орталығының Жастар саябағында футбол алаңы ретке келтіріліп жағажай волейболына арналған алаң жасақталды.
РКС: Жиын барысында ауыл шаруашылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Құрғақшылыққа қарамастан, диқандар 292 мың тонна астық жинап алды, ал майлы дақылдар егілетін алқап көлемі соңғы үш жылда бес есеге ұлғайды. Аймақ басшысы мал шаруашылығын белсендірек дамыту және жергілікті өнімді қайта өңдеу саласына инвестиция тарту қажеттігін атап өтті.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ,КӨКШЕ АҚПАРАТ