Негізгі Жаңалықтар Қазақстандық садақшылар әлем чемпионатында топ жарды

Қазақстандық садақшылар әлем чемпионатында топ жарды


ДИКТОР: Оңтүстік Кореяда қазақстандық мергендер салтанат құрды. Ульсанда өткен әлем чемпионатында біздің спортшыларымыз үздік атанды. Турнирге 38 елден 700-ге жуық спортшы қатысты. Құрама қоржынында 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар. Астаналық 22 жастағы Айкөркем Батихан бірден садақ атудың екі түрінен үздік шықты. Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатының Ульсанда өтуі кездейсоқ емес. Мұнда осы спорт түрі бойынша Дүниежүзілік федерацияның штаб-пәтері орналасқан. Ульсанда садақ бейнеленген петроглифтер табылды. Олардың тарихы шамамен 7 мың жылды құрайды. Бұл спортпен кезінде патшалар мен ақсүйектер айналысқан. Қазір бүкіл Корея бойынша 100 мыңға жуық адам бұл спортты әуесқой ретінде серік етсе, Ульсанның өзінде мыңға жуық садақшы бар. Кейінгі жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік біріншіліктерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Қазақстанда дәстүрлі садақ ату өнері бұқаралық сипат алып келеді. Бұл спорт түрімен 30 мыңға жуық адам айналысады, оның 5 мыңы – кәсіби спортшы.

Алматыда таеквондодан Қазақстан чемпионаты басталды

ДИКТОР: Алматыда таэквондодан Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл сынға еліміздің барлық өңірінен 350-ге жуық үміткер келді. Олардың арасында халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген тәжірибелі спортшылармен қатар енді ғана ересектер турнирінің есігін ашқан жастар да бар.Шығыс жекпе-жек өнерінің осы бір түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Қазір қыз-жігіттер кез келген байрақты бәсекеден құры қол қайтып жүрген жоқ. Таэквондошыларды алда үлкен сынақтар тосып тұр. Қараша айының соңына елордада әлемдік гран-при жарысының финалдық кезеңі өтеді. Ал келер жылы әлем чемпионатының жалауы да Астана қаласында желбірейді. Ұлттық біріншілікте топ жарған ұл-қыздар құрама сапына алынып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.


Бөлісу