Негізгі Жаңалықтар Балалар техникалық мамандықтарды меңгеруде

Балалар техникалық мамандықтарды меңгеруде


ДИКТОР: Көкшетауда өскелең ұрпақтың техника мен инженерия саласына деген қызығушылығы ерте жастан оянып, тың ізденістерге жол ашылуда. Қалалық техникалық шығармашылық орталығында балалар бағдарламалауды, робот құрастыруды және заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйренеді. Орталықта техникалық шығармашылықтың 15 бағыты бойынша сабақтар жүргізіледі. Үйірмеге жыл басынан бері 470 оқушы қатысқан.

РКС: Богдан Весельский – бесінші сыныптың оқушысы. Ол бағдарламалау мен робототехника саласын үш жылдан бері меңгеруде. Осы уақыт аралығында өз қолымен робот құрастырып шыққан. Жас өнертапқыштың роботы бағдарламаға енгізілген командаларды өздігінен орындай алады.

СНХ: БОГДАН ВЕСЕЛЬСКИЙ, ОҚУШЫ: Мен құрастырған робот нысаналарды анықтап, оқ ата алады. Сондай-ақ жан-жаққа бұрылып, оңға және артқа қарай қозғалады. Мұнарасын да айналдыра алады. Өз қиялымдағы кез келген техниканы жасай аламын.Танк, автокөлік, робот-шаңсорғыш немесе робот-көмекші құрастыруға болады.

РКС: Орталықта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында елімізде соңғы жылдары мұндай балалардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Олардың да қатарластарымен бірге техникалық бағыттарды меңгеріп, жаңа мүмкіндіктерді игеруі үшін орталық педагогтері арнайы даярлықтан өтеді.

СНХ: МАРАЛ ӘЛЖАППАРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Былтыр бес ұстаз инклюзивті білім беру бағыты бойынша арнайы курстан өтті. Бүгінде орталығымызда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да білім алуда. Олар робототехника, бағдарламалау, ағашты көркемдеп өңдеу, 3D-тоқыма сияқты түрлі бағыттарды таңдай алады. Ал педагогтеріміз осы саладағы білімдері мен біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, арнайы даярлықтан өтеді.

РКС: Орталықтағы сабақтар тегін жүргізіледі. Тәрбиеленушілер түрлі байқаулар мен жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Жас өрендердің жетістігі өзге оқушыларға да үлгі болып, оларды инженерия, бағдарламалау және робототехника салаларында өз қабілеттерін сынап көруге ынталандыруда.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу