2029 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы жойылады
ДИКТОР: Аймақта электр желілерінің 60 пайызға жуығы тозған. Құрылыс пен өндіріс қарқын алған сайын электр энергиясына деген сұраныс та артып келеді. Бұл - энергетикалық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселе. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитін қамтамасыз етуді міндеттеді. Осы бағытта өңірде электр желілерін жаңғырту, қуат көздерін арттыру жұмыстары қолға алынған. Ұлттық жоба аясында 69 миллиард теңгеге 75 жоба жүзеге асырылмақ.
РКС: Өңірде электр желілерінің ұзындығы 32 мың шақырымнан асады. Соңғы екі жылда 5 мың шақырымнан астам желі мен 1300-ге жуық қосалқы станция жөнделді. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 62-ден 59 процентке дейін төмендеді. Дегенмен, бұл өсіп келе жатқан сұранысты толық өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан желілерді жаңғыртумен қатар, электр қуатын арттыруға басымдық беріліп отыр.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Электр қуатына сұраныс әсіресе Көкшетау мен Қосшы қалаларында, сондай-ақ Бурабай және Зеренді аудандарында артып отыр. Осыған байланысты «KEGOC» компаниясы «Көкше» қосалқы станциясының қуатын арттыруды жоспарлаған. Ол үшін автотрансформаторлар жаңартылады. Жоба 2027–2028 жылдардағы жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс. Бұл Көкшетау қаласы мен жақын аудандардағы жаңа тұтынушыларды электр желісіне қосуға мүмкіндік береді.
РКС: Ал Қосшы қаласында «Северная» және «Гарден Виладж» қосалқы станциялары жаңғыртылады. Сонымен қатар 6 жаңа тарату пунктін салу жоспарланған.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Сонымен қатар «Жаннат» қосалқы станциясының құрылысы жобаланып жатыр. Бұл нысандар агломерацияны дамыту жоспары аясында Астана қаласының әкімдігіне іске асыру үшін беріледі. Құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары басталады деп жоспарланып отыр.
РКС: Жаңғырту жұмыстары аудандарды да қамтымақ. Мәселен, 2027 жылы Аршалы және Целиноград аудандарында 400 шақырымға жуық жаңа электр желісі тартылады. Нәтижесінде 27 мыңға жуық тұрғынның электрмен жабдықтау сапасы жақсарады. Ал Зеренді ауданына келетін болсақ, ауданның оңтүстігінде электр желілерінің 90 пайызы тозған. Себебі оның басым бөлігі 60-70-ші жылдары тартылған. Салдарынан соңғы жылдары 3 мыңнан астам ақау тіркелген. Бұл олқылықты жою үшін 31 елді мекенде жаңа электр желілерін салу жоспарланып отыр. Жоба екі кезеңмен жүзеге асады.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Атап айтсақ Айдарлы, Қошқарбай, Көктерек, Ортағаш, Қарашілік, Қызылегіс, Приречное, Павловка, Ақадир, Ұялы, Ескенжал, Шағалалы, Қанай би, Исаковка, Костомаровка, М. Ғабдуллин, Дороговка, М. Түкті, Серафимовка және Игілік ауылдары қамтылады. Бұл бірінші кезеңде қамтылатын елдімекендер.
РКС: Электр желілерін жаңартумен қатар, энергия өндіру көлемін де арттыру қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда осы міндетке басымдық беріп, электр қуатын тиімді экспорттауды тапсырды. Қазір шаһарда қуаты 240 мегаватт болатын жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Бұған қоса, алдағы жылдары аймақта жалпы қуаты 1250 мегаватт болатын 6 жел электр станциясын іске қосу көзделген.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЕЬВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ