Негізгі Жаңалықтар Халық кеңесінің мүшелері Ақмола өңірінде

Халық кеңесінің мүшелері Ақмола өңірінде


ДИКТОР: Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Ақмола облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік және маңызды нысандарды аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарды жұртшылыққа түсіндіріп, сала өкілдерімен пікір алмасты. Кездесулердің бірі Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінде өтіп, Кеңес мүшелері білім беру ұйымының ұстаздарымен жүздесті.

РКС: Ұстаз мәртебесі, ұлт болашағына деген құрметтің өлшемі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да білім саласын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және олардың қоғамдағы абырой-беделін нығайту мәселелеріне айрықша назар аударды. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, заманауи технологияларды меңгеруіне қажетті жағдай жасау міндетін алға қойды. Кездесу барысында осы бағыттағы міндеттер мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

СНХ: НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейіне арнайы келіп, ұстаздар қауымымен кездестік. Осы жолдауда туындайтын міндеттерді ортаға салып жатырмыз. Көптеген мәселелер айтылды. Жалпы келесі жылды құрылыс жылы деп жариялауына байланысты туындайтын міндеттер де алдымыздан қазір шығып жатыр. Сонымен бірге ұстаздарға қатысты мемлекет басшысының тікелей айтқан өзекті бір мәселе, ол мына ұстаздардың жұмысында артық қағаз бастылық сияқты нәрселер. Сосын жаңағы міндетіне жатпайтын түрлі нәрселерден арылтып, таза шәкірттің бойына білім нәрін құю деген мәселеге, яғни білімнің сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. 

РКС: Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді енгізіп жүрген жас мамандардың тәжірибесі Қазақстан халық кеңесі мүшелерінің ерекше назарын аударды. Ұстаздардың күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған жасанды интеллект негізіндегі робот, білім саласындағы тың ізденістерге жол ашып, цифрлық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, жасанды интеллектті сабақта тиімді пайдалану жас жеткіншектердің додалы жарыста жүлделі болуына үлкен септігін тигізуде. 

СНХ: РАУХАТ ӘШКЕН, ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: Жалпы бұл АІ Farabi жобасы өткен жылы басталған болатын Мұғалімге көмекші ретінде жасалған ассистент. Бұның ішінде бізде Python (пайтон) тіліне негізделген программа жасалған. Және ішінде ЖИ ерекшелік қағидалары бар. Жалпы бқл робаттың мақсаты; оқушыларды сабақтың басында түгендейді, кімнің бар, кімнің жоқ екенін анықтап, өз тізіміне жазып қояды. Содан кейін роботымыз сабақтың басында мұғалімге айтады кімнің бар, кімнің жоқ екенін және не себепті жоқ екенін айтып отырады. Содан кейін сабақтың барысында роботымызда тыныштық режимі бар. Сабақтың барысында кім шулайды соларға ескерту жасап, сабақтың тәртібін қадағалап отырады. Тағы бір функция, бағалау функциясы. 

СНХ: МӘДИ МЫРЗАҒАРАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Бұл мектептен шынымен алған әсеріміз өте ерекше. Балалардың білімі өте терең екенін байқап отырмыз. Көптеген конкурстардан жүлделі орындар алып келген екен. жабдықталу жағ,ынан да өте бір керемет жабдықталған мектеп екен. робототехникасы, компьютері, планшеттері бар деген сияқты. Жалпы көзбен көріп, тыныс тіршілігімен танысып жақсы әсер алып бара жатырмыз. 

РКС: Жас буынның сапалы білім алуына қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру мен педагогтардың кәсіби біліктілігін жетілдіру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жоспарға сәйкес, келер жылы елімізде 50-ге жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, инклюзивті білім де қолға алынды. Бұл бағытта мұғалімдердің білімін жетілдіру мен кәсіби әлеуетін арттыруға 800-ге жуық грант бөлу жоспарланған. Мұның барлығы-білім сапасын арттырып, келешек ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу