Негізгі Жаңалықтар Құрылтай депутаттары өңір тұрғындарымен кездесті

Құрылтай депутаттары өңір тұрғындарымен кездесті


ДИКТОР: Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және энергетикалық қуатты нығайту - басты міндеттердің қатарында. Осы басымдықтарды түсіндіру мақсатында Құрылтай депутаттары Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді. Көкшетауда олар еңбек ұжымдарымен кездесіп, Жолдаудағы бастамаларды талқылады.

РКС: Жолдауда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілген. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан құрылыс саласына 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қаражат жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен әлеуметтік нысандар салуға бағытталмақ. Бұған қоса, еліміздің әр өңірінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел медициналық көмек станциялары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары бар. Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанның құрылысы басталады.

СНХ: АСХАТ РАҚЫМЖАНОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ: Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» жобасы бүкіл Қазақстанды қамтиды. Мәселен, Көкшетауда бұған дейін балаларды оңалту қызметін алу үшін Астанаға баруға тура келетін. Енді мұндай қызметтерді өңірдің өзінде дамыту көзделіп отыр. Яғни, оңалту, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мәселелерді жергілікті жерде шешуге мүмкіндік туады. Бұл ретте Ақмола облысы да ауқымды жобаларды жүзеге асыратын өңірлердің бірі болуы тиіс.

РКС: Бұл бастамалардың түпкі мақсаты - халықтың әл-ауқатын көтеру. Жергілікті тұрғындар да Жолдаудағы осы міндеттерден оң өзгерістер күтеді.

СНХ: МАРЖАНГҮЛ БАТБАС, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ: Президенттің Жолдауы, бізге ұнағаны – жаңағы аурухана салынып жатыр, мектептер салынады деді. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, айлық-қаражатын 110 мыңға арттырамыз деді. Жол инфрақұрылымын жақсартамыз деп жатыр. Осының бәрі халыққа жақсы әсер етіп жатыр. Болашағымыз жақсы болады деп қуанып жатырмыз. 

РКС: Кездесуде елдің энергетикалық әлеуетін арттыру мәселесі де талқыланды. Электр энергиясының тапшылығын жою үшін жаңа генерация көздері іске қосылып, қолданыстағы жылу электр орталықтары жаңғыртылады. Сондай-ақ көмір генерациясының қуатын арттырып, «таза көмір» технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл бағытта Көкшетау, Курчатов, Семей және Өскемен қалаларында жаңа энергетикалық нысандар салынады.

СНХ: ЕРЛАН АҚБАРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Біз Батыс, Оңтүстік, Солтүстік барлық осы бір теңгерімге қосып жатырмыз. Сонда 6 ГВт-ты көмір генерациясымен қазір жасап жатырмыз. Осы Көкшетау қаласында да бір нысан іске қосылатын болады. Курчатов, Семей, және Өскемен қаласында осы ТЭЦ-тер. Ол ТЭЦ-тер «таза көмір» энергиясымен жасалатын өндіріс орындары. Осы көмірдің генерациясы бойынша ұлттық жоспар қабылданды.

РКС: Кездесу барысында Құрылтай депутаттары тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Жолдауда белгіленген міндеттерді түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта аймақтың барлық аудандарында жалғасады. 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу