Игілік жолындағы ізгі бастама
ДИКТОР: Әлеуметтік бастамаларды қолдау, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру және білім беру жобаларын дамыту. Ақмола облысында Нұрсұлтан Назарбаев қорының күндері осындай игі мақсаттарды тоғыстырды. Бағдарлама аясында қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесулер өтіп, қаржылай қолдауға арналған сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, жас ұстаздардың еңбегі еленді. Әсіресе, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған жобаларға басымдық берілді.
РКС: Бұл жолы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жұмыс істейтін 2 үкіметтік емес ұйым қаржылай қолдауға ие болды. Бөлінген қаражат олардың бастамаларын одан әрі дамытуға және қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Солардың бірі, Степногорск қаласында ширек ғасырдан бері қайырымдылық пен қамқорлықты ту етіп келе жатқан «Женский луч» қоғамдық бірлестігі. Ұйымның негізгі бағыттарының бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсететін дағдарыс орталығы.
СНХ: ОКСАНА ВОЛКОВА-МИХАЛЬСКАЯ, «ЖЕНСКИЙ ЛУЧ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: (СТЕПНОГОРСК қ.): Қордың қайырымдылық көмегінің арқасында біз баспа қызметтерін көрсетуге арналған принтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз қаражатымызға алуға мүмкіндік болмаған қымбат құрылғы. Оның көмегімен әйелдер мен балаларға арналған әдістемелік, шығармашылық материалдар әзірлей аламыз. Дағдарыс орталығында тұратын және бізден көмек сұрап келетін жандарға мамандарымыз психологиялық қолдаумен қатар, шығармашылық бағытта да көмек көрсетеді. Мұндай тәсілдің тиімділігі зор.
РКС: Қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсету қор жұмысының бір ғана бағыты. Қор күні аясында «Жас ұстаз» педагогтар байқауының онға жуық қатысушысы марапатталды. Бұдан бөлек, мұғалімдерге робототехника, инженерия және электроника бағыттары бойынша оқыту курстары ұйымдастырылуда. Балаларды оңалту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Соңғы 6 жылда қордың қолдауымен елімізде 61 мамандандырылған оңалту орталығы ашылып, онда 115 мыңға жуық бала көмек алған. Қаржылай қолдау көрсетілетін ұйымдар жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, әр өңірдің сұранысы мен қажеттілігіне қарай іріктеледі.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ