951 тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылды
ДИКТОР: Жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға мыңға жуық ақмолалық тартылды. Жазаның мұндай түрі бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық үшін Қазақстан заңнамасында көзделген. Алайда кейбір тәртіп бұзушылар тағайындалған жазаны орындаудан жалтарады. Қоғамдық жұмыстардың басты мақсаты неде, оны орындамаған жағдайда не болады? Тілшіміз тарқатсын.
РКС: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы 10 сағаттан 100 сағатқа дейін. Мұндай жаза түріне қоғамдық тәртіпті бұзу және қоғамдық орында жүріп тұру ережесін бұзғаны үшін тартылады. Олардың ішінде - ұсақ бұзақылық, көпшілік пайдаланатын орындарды ластау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйінде болу бар. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық үшін де қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.
СНХ: МӘУЛЕН ӘБІШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қоғамдық жұмыстардан жалтарғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ағымдағы жылы қоғамдық жұмыстар түрінде әкімшілік жаза тағайындау туралы сот қаулыларын орындамағаны үшін 44 құқық бұзушы тартылды.
РКС: Қоғамдық жұмыстар - бұл әкімшілік ықпал ету шарасы ғана емес, сонымен қатар тәртіп бұзушылардың жауапкершілік сезімін, заң мен еңбекке деген құрметін тәрбиелеу мүмкіндігі. Мұндай тәжірибе құқық бұзушылықты қайталаудың алдын алуға және заңнаманы сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатынын ескертуге арналған.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ