Сертификаты жоқ стоматолог мемлекетке 2,5 млн теңгені қайтарды
ДИКТОР: Степногорск қаласында балаларға стоматологиялық ем көрсеткен, бірақ тиісті сертификаты жоқ маман мемлекетке 2,5 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарды. Жергілікті прокуратура бұл тұлғаның кәмелетке толмаған 345 пациентке медициналық қызмет көрсеткенін, алайда оның балаларға медициналық ем-шараларды заңды түрде жүргізуге қажетті сертификаты болмағанын анықтады. Балаларға заңсыз түрде көрсетілген стоматологиялық қызметтер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты есебінен ақы төленген. Мұндай негізсіз төлемдердің жалпы сомасы 2 569 792 теңгені құрады. Құқық қорғау органдарының атап өтуінше, тиісті рұқсаты жоқ маманның балаларға медициналық көмек көрсетуі олардың денсаулығына қауіп төндіріп, кәмелетке толмағандардың білікті ем алу құқығын бұзған. Прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданды. Негізсіз төленген қаражат мемлекет пайдасына қайтарылды.