Жылу маусымы басталғалы құтқарушылар 123 газ датчигін орнатты
ДИКТОР: Жылыту маусымы басталғалы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – жылыту кезеңінде өрт пен газ иісінен уланудың алдын алу. Осы уақыт аралығында құтқарушылар 6 мыңнан астам үйді аралап, улы газды анықтайтын дабыл құрылғысын орнатты. Сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріндегі мұржаларды тазалауға көмектесті.
РКС: Жылу беру маусымы басталғалы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барлығы 7 мыңға жуық тұрғын үйді аралаған. Профилактикалық шаралар барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жылыту жабдықтарының жай-күйін тексереді. Сонымен қатар мұржаларды уақтылы тазалап отырудың маңыздылығына назар аударады.
СНХ: ДАРИҒА НИЯЗБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Көкшетау қаласының төтенше жағдайлар басқармасынан мына балалар келіп, мұржаны тазалап келіп жатыр, мінекей өте тамаша болды, біз өзіміз пенсионерміз, көп көп рахмет.
РКС: Қауіпті концентрациядағы улы газын дер кезінде анықтау үшін құтқарушылар 123 арнайы дабыл құрылғысын орнатты. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың үйлеріндегі 113 пеш мұржасы тазартылды.
СНХ: ТИМУР ШАЙМЕРДЕНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалғыз тұратын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға автономды улы газын анықтайтын датчиктер орнатылады. Сондай-ақ, мұржаларды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар адамдарды төтенше жағдайлардың туындауынан қорғауға бағытталған.
РКС: Құтқарушылар жылыту маусымында пештер мен мұржалардың жарамдылығын үнемі тексеріп, пешті қараусыз қалдырмауға және бөлмелерді желдетіп отыруға кеңес береді. Улы газдың түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан оның таралуын дер кезінде анықтау қиын. Арнайы датчиктерді орнату қауіпті уақытында анықтап, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ