Әлеуметтік қорғау: күнделікті көмек
ДИКТОР: Қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға күнделікті тұрмыста қарапайым көрінетін мәселелердің өзін шешу үшін көмек қажет. Қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтті. Көмекке мұқтаж жандарға күн сайын қолдау көрсетіп жүрген мамандардың еңбегі зор. Олардың қамқорлығы мен көмегін үйіне келіп, қолдау көрсететін әлеуметтік қызметкерлерден күтетін жандар аз емес.
РКС: Әзина Тиесова көмекке мұқтаж азаматтарға жеті жылдан бері әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Оның қамқорлығындағы адамдардың қатарында қарттар мен мүгедек жандар бар. Солардың бірі – зағип жан Гүлшағира Усманова. Әзина оған аптасына екі рет келіп, дүкенге баруға, үй шаруасын атқаруға және күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектеседі.
СНХ: ГҮЛШАҒИРА УСМАНОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ: Мен әлеуметтік қызметке өте ризамын. Әзина бәрін біледі, қолынан көп нәрсе келеді. Жоқ білмеймін деп айтпайды. Бірде кір жуғыш машина сынып қалды, Әзина жөндеумен айналысатын адамдарға хабарласып, шақыртып, жөндетіп берді. Ол дүйсенбі және бейсенбі күндері келеді. Өзім үй ішінде ақырындап жүремін. Тамағымды пісіре аламын. Үй де жинаймын. Кірімді автомат машина жуады. Сол себепті біз Әзина екеуіміз көбірек серуендейміз, дүкендерге барамыз. Әңгімелесеміз, кейде бірге ән шырқаймыз, міне осылай көңілді уақыт өткіземіз, бір жарым сағат өте тез өтеді.
РКС: Үйге барып көмек көрсету – әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде Көкшетауда жүздеген азамат осындай қолдауға ие. Әлеуметтік қызметкер болу – үлкен жауапкершілікті, сабырлықты және адамға деген шынайы жанашырлықты талап етеді. Бұл саладағы қолдау тек үй жағдайында қызмет көрсетумен шектелмейді. Ол арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуды, оңалтуды және азаматтардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді қамтиды.
СНХ: ДИНАРА РАХЫМЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Үйге барып әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 732 қызмет алушы бар. Оның ішінде 617 адам қарттар мен мүгедектігі бар жандар, 50 адам тірек-қозғалысы бұзылған және 65 психоневрологиялық аурулары бар жандар. Үйге барып қызмет көрсетумен 105 әлеуметтік қызметкер айналысады, олар 8 арнаулы әлеуметтік қызмет түрін көрсетеді.
РКС: Алайда қоғам үшін маңызы зор бұл мамандық иелері еңбекақыны арттыру, қосымша ынталандыру шараларын енгізу және еңбек жағдайларын жақсарту қажеттігін де айтады. Өйткені әлеуметтік қызметтің сапасы мамандардың кәсіби біліктілігімен қатар, олардың еңбегінің бағалануына және жұмысқа деген ынтасына да байланысты.
СНХ: ӘЗИНА ТИЕСОВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР: Біздің жұмысымыз аса бағаланбайды. Жалақымызды көтеріп, сыйақы берілсе, бұл бізді ынталандырар еді. Қамқорлығымызда әртүрлі адамдар бар. Сырқаты ауыр жандарды да қараймыз. Бізді де қолдап, еңбекақымызды көтерсе бізге де мотивация болады ғой. Барлық егде адамдарға денсаулық тілегім келеді. Оларға шынайы көңіл, жылы сөз бен жақсы қарым қатынас керек. Ал әріптестеріме шыдамдылық пен сәттілік тілеймін!
РКС: Әлеуметтік қызметкердің күнделікті көмегі кейде үйреншікті іс болып көрінуі мүмкін. Алайда оның артында үлкен жауапкершілік пен адамға деген жанашырлық жатыр. Қарттар мен көмекке мұқтаж азаматтар үшін тұрмыстық қолдаумен қатар, жылы сөз, шынайы қарым-қатынас пен сыйластықтың маңызы зор. Ал осындай қамқорлықты күн сайын көрсетіп жүрген мамандардың еңбегін бағалау – қоғамның ортақ міндеті.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ