Негізгі Жаңалықтар Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға экспедиция жолға шықты

Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға экспедиция жолға шықты


ДИКТОР. Республика күні қарсаңында Бурабайдан «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға дейін» атты халықаралық тарихи экспедиция жолға шықты.Шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысып, ғылыми-зерттеу сапарына ақ тілектерін айтты. Абылай ханның туғанына 315 жыл және даңқты қолбасшы Әмір Темірдің туғанына 690 жыл толуына орайластырылған экспедиция он күнге жалғасады.

РКС. «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға дейін» экспедициясының мақсаты Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасын байланыстыратын саяхат жасау арқылы халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпенділер өркениетінің мұрасы мен сол елдегі тарихи жәдігерлермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-өзбек халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады.  

СНХ ЖАМБЫЛ АРТЫҚБАЕВ, ТАРИХШЫ-ЭТНОЛОГ, ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕСІ: ескі біздің Тұран жолы, ата-бабалармыздың жолы. Сондықтан біздің сапарымыз бір жағынан тарих, екінші жағынан қазір Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы қарым-қатынасты нығайту,ол жақты біз Тұранның жүрегі деп айтамыз. Тұранның қалқаны деп айтуға болады. Жиделі Байсын жерін біз Мауреннахр жері деп айтамыз тарихта.

 РКС. Халықаралық экспедиция аясында Ташкент, Самарқанд және Термез мемлекеттік универсиеттерінде ғылыми-практикалық іс –шаралар, дөңгелек үстелдер, академиялық қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Жиделі-Байсын өңірінің тарихи-мәдени мұрасымен жан-жақты танысу, оның ішінде Сұрқандария облысының бірегей этномәдени ортасын кешенді зерттеу көзделген.   

МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, «АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАРА ЖОЛЫ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: өте көңіл күйім жақсы. Облыс әкіміне рахмет. Бәріне рахмет, бақытты болыңыздар.

СНХ АЙТАН ЖЫЛҚЫБАЙ, МАРАФОНШЫ, ЭКСПЕДИЦИЯ МҮШЕСІ: алда үлкен сапар, мен бұл сапарды бір жарым жыл күттім. Бұл алтыншы экспедиция, соған аман-есен барып, аман-есен келейік.

РКС. Экспедиция қатарында тарихшы ғалымдар, этнографтар, өлкетанушылар бар. Барлығы 19 адам бірнеше жол талғамайтын көліктермен 6 мыңнан астам шақырым жолды бағындырмақ. Абылай хан алаңында әсем әуен шырқалып, облыстық жастар ресурстық орталықтың белсенділері көк туымызды желбіретіп, шараны әрлендірді. 

СНХ ЖАНАТ МҰҚАШЕВ, ӨЛКЕТАНУШЫ: Республика күні қарсаңында үлкен ғылыми-танымдық экспедицияның куәгері болып отырмыз. Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған топ Өзбек елінің Жиделі –Байсын елді мекеніне «Абылай ханның қара жолы» экспедициясымен жолға аттанғалы тұр. Осы топ мүшелеріне аман есен барып, елге оралуларына тілектеспіз.

РКС. Сапар нәтижесінде «Абылай хан ордасынан Жиделі-Байсынға дейін» халықаралық тарихи, мәдени-рухани экспедициясының жинақ қітабына материалдар топтастырылады, сондай-ақ маңызды қалаларда фото және телетүсірілім жұмыстары жүргізіледі.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ-АҚПАРАТ.


Бөлісу