Жылыту маусымы басталғалы 23 өрт оқиғасы тіркелді
ДИКТОР: Жылыту маусымы басталғалы бері Ақмола облысында 23 өрт оқиғасы тіркелді — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,5 пайызға төмен көрсеткіш. Өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпті жағдайлардың алдын алу және болдырмау бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
РКС: Өрт оқиғаларының шамамен 80 пайызы электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан, қалған жағдайлар отпен абайсыз жұмыс істеуден туындаған. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін он сегіз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМШЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Төтенше жағдайлар департаментімен өрттердің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Сонымен, 10 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, халықпен кездесулер өткізілді. Жылыту пештерінің 850 түтін мұржасы тазартылды. Тұрғын үйлерде үгіт-профилактикалық материалдар орналастырылып, ұялы байланыс операторлары арқылы SMS-хабарламалар таратылуда. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
РКС: Әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге де ерекше назар аударылды. Қауіпті жағдай туындаған кезде ескерту беру үшін мұндай тұрғын үйлерге барлығы 536 көміртегі тотығын анықтайтын датчик орнатылды. Сондай-ақ, маман тұрғындардың жағдайды өздері де қадағалап отыруының маңыздылығын атап өтті.
СНХ: ДОСБОЛ ЖАҚСЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМШЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сонымен қатар облыс аумағында «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық профилактикалық акциясы өткізілуде. Акцияның мақсаты – жылыту кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру және азаматтардың өз ата-аналары мен жақындарының қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейту. Акция аясында тұрғындарды ата-аналары мен жақындарының үйлеріне барып, пешпен жылыту жүйелерінің, түтін мұржалары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеруге, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына назар аударуға шақырамыз.
РКС: Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін пештерді немесе электр жылыту құрылғыларын ешқашан қараусыз қалдырмаңыз және жылыту жабдықтарын үнемі тексеріп отырыңыз. Көміртек тотығының иісін сезсеңіз, бөлмені желдетіп, жедел жәрдем қызметіне хабарласыңыз.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.