Биылғы өнімнің сапасы жоғары
ДИКТОР: Ақмола облысында егін жинау науқаны аяқталды. Жазғы қуаңшылыққа қарамастан, диқандар 6 миллион 200 мың тонна астық бастырды. Жиналған бидайдың 90 пайызы үшінші санатқа жатады.
РКС: Бұл шаруашылықта бидаймен қатар рапс, арпа, зығыр және жүгері өсіріледі. Жауын-шашынның аздығына қарамастан, диқандар бітік өнімге қол жеткізді. Әр гектардан орта есеппен 26 центнерден астық бастырылды. Шаруалар мол өнім алуға мемлекет қолдау мен ғалымдармен бірлесе атқарылған жұмыстың ықпалы зор,-дейді.
СНХ: БОЛАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл ыстыққа біз ғалымдармен бірлесіп, өткен жылдан бастап зерттеп ай сайын шығып, ылғалдылықты зерттеп, қардың қалыңдылығын зерттеп, көктемде біз дайын болдық. Мынау ыстық астықтың өнімділігі мен сапасына өте қатты әсер етті. Клейковинаны көтерді тыңайтқыш қолданудың арқасында, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеудің арқасында жақсы өнім алдық.
РКС: Биыл аймақта 5,5 миллион гектардан астам алқапқа егін егілді. Дәнді дақылдарды жинау толық аяқталды. Ал майлы дақылдардың 90 пайызы орылды. Қазір шаруалар келер жылдың қамына кіріскен. Танаптар өңделіп, топырақтың құнарын арттыру үшін тыңайтқыштар енгізіліп жатыр.
СНХ: МҰРАТ ДҮЙСЕНБАЕВ, МЕХАНИЗАТОР: Тыңайтқыш шашу жұмыстарын аяқтағаннан кейін, қалған алқаптарда сүдігер жыртуға кірісеміз. Одан соң техникаларды ретке келтіріп, жөндеуді қажет ететіндерін жөндейміз. Қыста қар тоқтату жұмыстарына дайындаламыз. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін техникаларды арнайы бокстарға кіргізіп, келесі көктемгі дала жұмыстарына әзірлейміз.
РКС: Былтыр өңір диқандары 7,5 миллион тонна астық жинап, рекордтық нәтижеге қол жеткізген еді. Биылғы көрсеткіш бұдан шамамен 20 пайызға төмен. Дегенмен, шаруалар астық сапасын сақтап, қамбаны мол өніммен толтырды.
СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Сапалы астық жинау үшін ең алдымен, қаржы қажет. Себебі барлық агротехникалық жұмыстарды өз уақытында әрі сапалы орындау маңызды. Сондықтан биыл облысымызда ауыл шаруашылығын қолдауға 322 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 85 млрд теңге — қайтарымсыз қаржы.
РКС: Ақмола алқабында өсірілген астықтың шетелде де бәсі жоғары. Үшінші санатты бидайдың тоннасы 115 мың теңгеге дейін саудаланады. Жыл басынан бері өңірден сыртқы нарыққа 3 миллион тоннадан астам астық жөнелтілген. Жыл соңына дейін шетелге тағы 4 миллион тоннаға жуық астық шығару көзделіп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ