Халықаралық «Қансонар» жарысы мәресіне жетті
ДИКТОР: Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылының маңында Республика күні қарсаңында ұлттық аңшылық өнерді дәріптейтін халықаралық «Қансонар» құсбегілік турнирі мәресіне жетті. Екі күнге созылған жарысқа бірнеше елдің және еліміздің бірнеше өңірінен келген саятшылар қатысты.
РКС: Биылғы халықаралық турнирге Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай және Қырғызстан елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның бірнеше өңірінен 80-ге жуық құсбегі жиналды. Қатысушылар бүркіт, ителгі және қаршыға бағыттары бойынша бақ сынап, ұлттық мұрамыздың бай дәстүрін паш етті. Жарыстың басты мақсаты құсбегілік өнерді ұлықтау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жас ұрпаққа саятшылық дәстүрін насихаттау.
СНХ: АРДАҚ ТӨЛЕНДИН, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Спортшылар арасында халықаралық дәрежедегі спортшылар бар. Көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Жарысымыз жақсы деңгейде өтіп жатыр. Ақмола облысынан 15 спортшы қатысуда. Оның ішінде өзіміздің Ерлан Кенжетаев, Көшпенділер ойындарының қола жүлдегері. Жас спортшыларымыз бар. 1-2 жыл ғана бастаған 4 жас спортшыларымыз қатысып жатыр.
РКС: Ақмола облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір өңірдегі 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұлттық спорт бөлімдері жұмыс істейді. Бұл жас буынның ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, саятшылық дәстүрін сабақтастықпен жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Өңір спортшылары халықаралық жарыстар мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында облыс намысын абыроймен қорғап келеді. Ал халықаралық «Қансонар» турнирі тәжірибелі саятшылармен қатар, енді ғана қанат қаққан жас спортшылардың да шеберлігін шыңдауға жол ашты.
СНХ: АЯЖАН ДАНИЯРҚЫЗЫ, БҮРКІТШІ (МОҢҒОЛИЯ): Құсбегілікпен айналысқаныма бес жыл болды. Құсбегілікке алғаш мені ұстазым алып келді. Осы ұлттық спортымызды, дәстүрімізді қыздар арқылы дәріптеу деген идея бойынша қыздармен осылай бастаған болатынбыз. Байқап тұрғандарыңыздай біздің спорт түрі жылдан жылға көркейіп келе жатыр.
СНХ: МУТЛУ ҚЫЗЫЛБҰҒА, БҮРКІТШІ (ТҮРКИЯ): Бұрын Астана, Павлодар, Ұржар, Түркістан, Алматы сияқты қалаларда болғанмын. Қазақстанды жақсы көремін. Қазақстан халқыны жақсы көремін. Бұл құсбегілік деген қазақтың қызықты өнері, ата-бабадан қалған. Қазақтың жеті қазынасында бүркіт бар, тазы, ат бар. Осындай Қазақстанда бұл күнде қазақтың өнерлері, дәстүрлері жасай берсе, қазақтың дәстүрлері ешқашан жоғалмайды.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша үш бағытта да үздіктер анықталды. Бүркіт салудан үшінші орынды Алматы қаласының командасы иеленсе, екінші орын Ақтөбе облысының өкілдеріне бұйырды. Ал бас жүлдені Ақмола облысының саятшысы жеңіп алды. Ителгі салу бәсекесінде үшінші орын Түркия елінің саятшысына берілсе, екінші орынды Ақмола облысының өкілі иеленді. Бұл бағытта Қарағанды облысының командасы топ жарды. Ал қаршыға салудан Ресей құрамасы үшінші орынға тұрақтаса, Астана қаласының командасы күміс жүлдегер атанды. Жамбыл облысының құсбегілері осы бағытта қарсыластарынан озып, бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ