Зеренді ауданында жылу мен су тарифтері төмендейді
ДИКТОР: Зеренді ауданында жылу мен ауызсу тарифтері төмендейді. Енді 3 мыңға жуық тұтынушы коммуналдық қызметтерге аз төлейді. Жаңа тарифтер 1-ші қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұған аудан прокуратурасы жүргізген тексеріс негіз болды. Нәтижесінде коммуналдық кәсіпорынның тарифтік сметадағы шығындарды негізсіз арттырғаны анықталды. Соның салдарынан жылу мен ауызсу тарифтері қайта қаралды. Гранитный кентінде жылудың бір гигакалориясы 4 мың теңгеден 1 мың 121 теңгеге дейін арзандайды. Бұл – 72 пайыздан астам төмендеу. Ал Зеренді ауылында жылу тарифі 7 мың 915 теңгеден 6 мың 326 теңгеге түседі. Ауызсудың бір текше метрінің құны да 255 теңгеден 234 теңгеге дейін азаяды. Осылайша, 2 мың 900-ден астам тұтынушының құқығы қорғалды. Ал заңбұзушылыққа жол берген коммуналдық кәсіпорынға 1 миллион 800 мың теңге айыппұл салынды.