Халықаралық «Қансонар» құсбегілік турнирі өтуде
ДИКТОР: Көкшетаудың көркем табиғаты мен сайын даланың салт-дәстүрі тоғысқан Зеренді өңірінде бабадан қалған бекзат өнер қайта жаңғырды. Республика күні қарсаңында Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар» құсбегілік турнирі өтуде. Қыранның қияға самғап, құсбегінің бап пен бақты сынайтын бәсекесіне екі күн бойы 51 құсбегі қатысып, өзара мықтыны анықтайды.
РКС: Қыранның қанат қағысы, құсбегінің қырағы назары, саятшылықтың сан ғасырлық салты. «Қансонар» - жай ғана жарыс емес, ұлт жадында сақталған асыл мұраны ұлықтайтын ерекше дода. Биылғы турнирдің ауқымы да кең. Көкшетау төріндегі сайысқа Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан елдерінен және Қазақстанның 9 өңірінен саятшылар жиналған. Қатысушылар бәсекеге 48 бүркіт, 15 ителгі мен 10 қаршыға әкелген. Әр құстың бабын келтіріп, қыранын баптаған құсбегілер үшін бұл — шеберлік сыналатын, тәжірибе тоғысатын маңызды алаң.
СНХ: МАРАТ ҚОЙШИН, БАС ТӨРЕШІ: Бұларда осалдары жоқ, бұлар көшпенділерге қатысқандар, Қырғызстанда жуырда өткен. Былтыр Моңғолияға Азияға барғандар әлем чемпионатына қатысқандар деңгейлері мықты. Мынадай суыққа, желге қарамай бүркіттер қонып жатыр, көріп жатырсыздар.
РКС: Құсбегілік — құсты ұшырып, шақырумен ғана шектелмейтін үлкен өнер. Мұнда құс пен иесінің арасындағы үйлесім, ұзақ жылғы тәжірибе мен төзім сыналады. Қарағанды облысынан келген Уәлихан Мерекеұлы да командасымен бірге бірнеше жыртқыш құсын баптап әкелген. Ол үшін жарыстың әр сәті — еңбектің бағасын таразылайтын мүмкіндік. Ал сайыста сәттілік серік болып, қыранның қылығы көңілден шығуы — құсбегінің басты тілегі.
СНХ: УӘЛИХАН УӘЛИЕВ, БҮРКІТШІ /ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ/: Бап шаба ма бақ шаба дегендей бүгін құсымыз ұшты, бірақ отырып алды. Шақырғанға келмеді. Өзіммен бірге еріп келген қарқаралық балалар барлығынікі келді шақырғанда. Жақсы ойын көрсетті. Жүлдеге ілігеді деген ойдамыз. Барлығы жақсы.
РКС:Турнирдің шекарасы кеңейген сайын, ұлттық өнердің де өрісі ұлғайып келеді. Қыран баптау — ұрпаққа аманатталған өнер. Осындай халықаралық кездесулер сол аманаттың жалғасуына жол ашады.
СНХ: ЫРЫСҰЛУ НҰРҒАЙЫП, БҮРКІТШІ /МОҢҒОЛИЯ/: Екі баламды ертіп келгем. Финалға өттік. Ең соңғы жарыстарға қатысамыз. Шырға салу, тағы басқа жарыстарға.
РКС: «Қансонар» турнирінің тағы бір ерекшелігі — құсбегілік өнерді табиғатқа жанашырлықпен ұштастыру. Жарыс барысында қоян мен түлкі сияқты жануарларды жүгіртіп, қыран салуға жол берілмейді. Бұған заңмен тыйым салынған. Ал бүгінгі мақсат тек жеңімпазды анықтау емес, ата дәстүрді заман талабына сай жалғастырып, ұлттық мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫРБЕК ҚҰЛАТАЙҰЛЫ, КӨКШЕ АҚПАРАТ