Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша семинар өтті
ДИКТОР: Көкшетау қаласында үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті. Қатысушыларға ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимылға бағытталған FATF халықаралық стандарттары туралы түсіндірілді. Азаматтық қоғам белсенділеріне берілген ұсынымдар жайлы тілшіміз толығырақ айтып береді.
РКС. Семинарды Ақмола облысының Азаматтық альянсы өкілдері ұйымдастырды. Сарапшылардың айтуынша, FATF – жеке ұйым емес, ол ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған халықаралық реттеуші және практикалық стандарттар жиынтығын білдіреді.
СНХ: АЙГҮЛ НҰРМАҒАНБЕТОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Үлкен жетілік» (G7) бұл мәселеге отыз жылдан астам уақыт бұрын тап болған еді. Қаржыны жылыстату — тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отырған мәселе. Кейінірек осы сын-қатерлерді еңсеру мақсатында арнайы қаржылық жұмыс тобы құрылды. Бұл топ әлем елдері басшылыққа ала алатын 40 стандартты әзірлеп шығарды. Себебі, жауапкершілік мәселесі тек қатысы бар нақты ұйымға ғана емес, сонымен қатар қаражаттың бастапқы қайнар көзі болған және ол бағытталған елдерге де қатысты.
РКС: Қатысушыларға қаражаттың заңсыз айналымына қатысты мәселелерді реттейтін заңнама, нормативтік актілер және осы әрекеттердің құқықтық салдарлары туралы түсіндірілді. Іс-шараға ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың өкілдері де қатысты.
СНХ: ИГОРЬ ПЛЮСНИН, «ЖАҢАРУ» ҰЛТТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚОЗҒАЛЫСЫ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінгі семинар тақырыбы, әсіресе Қазақстан үшін өте өзекті. Өйткені, көлеңкелі бизнес операциялары, соның ішінде ақшаны жылыстату, көбінесе қылмыстық әрекеттер ,соның ішінде сыбайлас жемқорлық арқылы алынған қаражатты заңдастыруға негізделеді. Бұл мәселе еліміз үшін үлкен дертке айналғанын ескерсек, мұндай семинарлардың маңызы зор деп санаймын. Олар азаматтық құқықтарымызды жүзеге асыруға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге де қажет.
РКС: Сарапшылар сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қарсы тиімді күресу үшін мұндай оқиғалардың жолын кесудің өзі жеткіліксіз екенін, бұл ретте кешенді тәсіл қажеттігін атап өтті. Адамгершілік құндылықтар мен саналылықты қалыптастыру да маңызды рөл атқарады. Осыған орай, семинардың басты мақсаты – ақпарат беру және қорғану тетіктерін қарастыру болды.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.