Негізгі Жаңалықтар 6,2 млн тонна сапалы астық: диқандар егін жинау науқанын аяқтады

6,2 млн тонна сапалы астық: диқандар егін жинау науқанын аяқтады


ДИКТОР: Ақмола облысының диқандары дәнді және бұршақ дақылдарын жинау науқанын аяқтады. Егіншілер алқаптардан 6 миллион 200 мың тонна сапалы астық жинады. Бұл туралы өңір басшысы Марат Ахметжанов мәлімдеді.

РКС: Жаз мезгілінде диқандар күрделі ауа райы жағдайларына тап болды. Қырық күн бойы аптап ыстық сақталды. Соған қарамастан, әр гектардан орта есеппен 14,2 центнер өнім жиналды. Өңір басшысының айтуынша, бұл – Ақмола облысының тарихындағы 3–4-ші үздік көрсеткіш.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жиналған астықтың 90 пайызы тауарлық астық. Оның 75 пайызы – Hi-Pro санатындағы астық. Желімше мөлшері – 27,41 пайыз. Мұндай көрсеткіш тарихта бұрын-соңды болмаған. Сонымен қатар, дәнді және бұршақ дақылдарының егіс алқаптарын 400 мың гектардан астамына қысқартып, оның орнына майлы дақылдар ектік. Биыл 1 миллион тоннадан астам майлы дақыл жинауды жоспарлап отырмыз. Бағасы тиімді, келісімшарттар жасалған. Осылайша, былтырғы 7 миллион 600 мың тонна рекордтық астық көлемінен де асып түсетін нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды ақтап отырған барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне алғысымды білдіремін.

РКС: Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай артты. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 316 миллиард теңге бағытталды. Оның 80 пайызы – қайтарымды қаражат. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы несие алды. Жеңілдетілген қарыздардың жалпы сомасы 131,5 миллиард теңге. Бұдан бөлек, мемлекет минералды тыңайтқыштар мен дизель отынын сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға субсидия берді. Мемлекеттік қолдау мен диқандардың табанды еңбегінің арқасында Ақмола облысы еліміздің астық өсіретін өңірлер арасындағы көшбасшылық орнын тағы да дәлелдеді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу