Негізгі Жаңалықтар Прокуратура құны 385 млрд теңгелік инвестициялық жобаға кедергі болған мәселені шешті

Прокуратура құны 385 млрд теңгелік инвестициялық жобаға кедергі болған мәселені шешті


ДИКТОР: Ақмола облысының прокуратурасы Аршалы ауданында құны 385 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаның жүзеге асуына кедергі болған мәселені шешті. Қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясы мен «Азия Алтын Дән» серіктестігі жобаны іске асыру барысында бірқатар қиындыққа тап болған. Жобаны дайындау барысында тазартылған ағынды суларды ағызуға қатысты техникалық шешімдерді келісу мәселелері туындаған. Оны шешу үшін инвесторға бірқатар уәкілетті мемлекеттік органмен өзара жұмыс жүргізу қажет болды. Ақмола облысының прокуратурасының қолдауымен қажетті құжаттар келісілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, осылайша инвестициялық жобаның одан әрі жүзеге асуына кері әсер етуі мүмкін әкімшілік кедергі жойылды. Айта кетейік, шетелдік инвестор «AQMOLA» республикалық маңызы бар индустриялық аймақта астықты терең өңдейтін ірі зауыт салып жатыр. Жобаны іске асыру аясында шамамен 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 1 миллион тонна бидай өңдемек. Өңір прокуратурасының мәлімдеуінше, инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Мамандар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын кедергілерді жедел жоюға ерекше назар аударып отыр.

Бөлісу