Балық аулауға кеткен ер адам суға батып қаза тапты
ДИКТОР: Бұланды ауданында қайғылы оқиға тіркелді. Никольское ауылының маңындағы көлден 1958 жылы туған ер адамның денесі табылды. Марқұмды іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бүгін таңертең тапқан.
РКС: Ер адам 13 қазан күні түстен кейін балық аулауға кеткен. Алайда кеш батқанша үйіне оралмаған соң, туыстары алаңдап, тиісті қызметтерге хабар берген. Оқиға орнына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жетіп, іздестіру жұмыстарына жергілікті тұрғындар да атсалысты.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Жағадан шамамен 100 метр қашықтықтан резеңке қайық табылды. Оның ішінде ер адамның бас киімі мен резеңке етігі болған. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары, соның ішінде сүңгуірлер тобы да жұмылдырылды. Бүгін таңғы сағат 8-де жағадан 80 метр қашықтықта, 2 метр тереңдіктен ер адамның денесі табылып, судан шығарылды. Айта кетейік, ер адам балық аулауға құтқару кеудешесінсіз шыққан.
РКС: Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысының су айдындарында 30-дан астам адам қаза тапқан. Оның 3-уі балық аулау кезінде болған. Құтқарушылар су айдындарында қауіпсіздік шараларын естен шығармауға шақырады. Тіпті жақсы таныс көлге барғанның өзінде сақтықты ұмытпау қажет. Балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешесін киіп, жақындарыңа қай жерде жүргеніңді хабарлап, өзіңмен бірге ұялы телефон алып жүру керек.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ