Негізгі Жаңалықтар Қарттарды қолдау айлығы жалғасуда

Қарттарды қолдау айлығы жалғасуда


ДИКТОР: Ақмола облысында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы жалғасып жатыр. Осы бастама аясында Щучинск қаласында аға буын өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Ардагерлерге құттықтаулар жеткізіліп, оларға әлеуметтік көмек шаралары мен белсенді демалыс мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

 

РКС: Владимир Канцев 30 жылдан астам уақытын Бурабайдың табиғатын сақтауға арнап, жергілікті ландшафтты қорғауға елеулі үлес қосты. Бүгінде ардагер ағамыз аға буынға деген назардың тек мереке күндері ғана емес, үнемі қажет екенін атап өтеді. Мұндай басқосулар қариялардың бір-бірімен араласып, қажырлы еңбектерінің ұмытылмай, лайықты бағаланып жатқанын сезінуге мүмкіндік береді.


СНХ: ВЛАДИМИР КАНЦЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР: Бурабайдың бірегей табиғи ландшафтын сақтауға арналған ұйымда қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш сезімін ұялататын жайт болды. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде Бурабайдың табиғи экожүйелерін қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қарттар күні қарсаңында Бурабайдың табиғи ортасы мен ормандарын сақтауға бүкіл жан-тәнін және өмірін арнаған барша қызметкерді шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, бұл шара жас ұрпаққа деген құрметтің белгісі екенін де атап өткім келеді.


РКС: Аға буын өкілдері үшін мұндай басқосулар бірге уақыт өткізуге де мүмкіндік береді. «Белсенді ұзақ өмір орталығында» қарттар шығармашылық үйірмелерге қатысып, музыкамен, бимен айналыса алады, сондай-ақ шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойнай алады.


СНХ: ӨТЕЛБАЙ БЕЙСЕНОВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгін жалғыз басты тұратын адамдарды шақырдық. Жалпы осы айлықтың ішінде бұрын біз ылғи өткізетінбіз. Биыл мінекей мынандай, белсенді ұзақ өмір сүру мекемесін аштық. Жуырда. Әлі бір ай да болған жоқ. 450 кв метр ішінде квадратурасы кеңдігі, сондықтан да келетін кісілердің саны да көп, келемін деушілер де көп бұл жерге. Келген кісілерді осылай қонақ қылып, концерт беріп, сосын кружоктар бар.  


РКС: «Үлкенге құрмет» республикалық науқаны аясында «Ауыл» партиясының өкілдері ардагерлер және қарт адамдармен кездесулер өткізуде. Басты мақсат, аға буынға қолдау көрсету және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту. Осындай бастамалардан бөлек, ауданда зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Олардың қатарына қоғамдық көлікте тегін жүру және шипажайлық емделуге өтемақы төлеу кіреді.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: 10 000-нан астам зейнеткер қоғамдық көлік қызметін тегін пайдаланады. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Біздің ауданда шипажайда емделуге қатысты жеңілдіктер де бар: атап айтқанда, зейнеткерлер екі жылда бір рет шипажайға бара алады, ал олардың шығындары 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.Бурабай ауданының барлық зейнеткерлеріне арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына егде жастағы азаматтар арнайы кесте бойынша келе алады: олар алдын ала жазылып, өздеріне ыңғайлы кесте жасалады, сөйтіп бос уақыттарында келіп, өздеріне қажетті дағдыларды меңгере алады.    


РКС: Іс-шара соңында ардагерлер мен аға буын өкілдеріне сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай басқосулардың және өңірдің дамуына үлес қосқан жандарға құрмет көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған бір айлық науқан 1 қарашаға дейін жүреді. Осы уақыт аралығында өңірде аға буынды қолдауға және олардың қажеттіліктеріне назар аударуға бағытталған іс-шаралар жалғасын табады.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.


Бөлісу