Балалар қауіпсіздігі - басты назарда
ДИКТОР: Көкшетауда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңеске Ішкі істер министрлігі мен жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, мектептер мен колледждердің директорлары қатысты. Жиында есірткі заттарының таралуына қарсы күрес және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу мәселелері де қаралды.
РКС: Полиция мәліметінше, биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 18 пайызға төмендеген. Былтыр 55 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 45-ке дейін азайған. Ауыр санаттағы қылмыстар саны 23 пайызға қысқарған. Тіркелген құқық бұзушылықтардың 60 пайызы ұрлыққа, 10 пайызы денсаулыққа қасақана зиян келтіру деректеріне тиесілі.Кеңесте жасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысын күшейту қажеттігі айтылды.
СНХ: АҚМАРАЛ СЕРІКБАЕВА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Әрине, бұл жерде барлық осы балалардың арасындағы қылмыстың алдын алуға мүдделі, барлық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар. Яғни, ведомствоаралық байланысты одан әрі нығайту үшін сол саладағы көптеген мәселелер, сұрақтар қаралып, және шешімін табу жолдарын қарастыратын боламыз.
РКС: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Олардың 90 пайызы полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне қосылған.
СНХ: ТІЛЕУКЕН АХМЕТБЕКОВ, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫ №1 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мектепте оқушы қауіпсіздігі басты назарда. Кез келген білім мекемесінде біз оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береміз. Ол үшін түрлі профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Мектептерімізде, барлық білім мекемелерінде камералар орнатылған. Және мектепке кіріп-шығу жүйесі – «АЛАҚАН» жүйесі жүзеге асырылады. Себебі мектепке бөгде адамдардың кіруге тыйым саланған. Жалпы тек ғана қауіпсіздік емес, сонымен қатар құқық бұзушылықты алдын алу бойыншадағы қалалық полиция департаментімен, қалалық прокуратурамен, тіпті облыстық прокуратура қызметкерлерімен түрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Адалдық сағаты, Прокурор сағаты сияқты арнайы дәріс беру сабақтары өтеді.
РКС: Жиында балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері осындай 231 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 7 бала қаза тапқан. Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған оқу құралын әзірлеп, оны барлық білім беру ұйымдарына таратуды ұсынды. Құралай Карина бұл бастаманы қолдап, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
СНХ: ҚҰРАЛАЙ КАРИНА, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Елімізде жасы кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстардың деңгейі төмендеді. Бұған жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл бағыттағы шараларды күшейтіп, оқу орындарында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Әрбір білім беру ұйымына жасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен қылмыстық полиция қызметкерлері бекітілген. Олардың міндеті балалар арасындағы құқық бұзушылықтарды ерте анықтау. Осындай көшпелі кеңестерді жергілікті полиция қызметкерлерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылау және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін өткіземіз. Қызметкерлер өтініштерді қарау, мектептерге бару және тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша оқиға орындарына шығу кезінде кездесетін мәселелерді жеткізеді. Сондықтан әрбір жағдайды жеке қарастырып, нақты шаралар қабылдауға тырысамыз.
РКС: Айта кетейік, биылдан бастап білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» және «Конституция негіздері» пәндері енгізілді. Бұл сабақтарда оқушыларға заң талаптары түсіндіріліп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі. Аталған шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ