«Ауыл аманаты»: ауылда екі жоба жүзеге асырылды
ДИКТОР: Егіндікөл ауданында кәсіпкерлік екі жаңа жобаға қолдау көрсетілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге өз ісін бастау үшін жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде ауданда автокөліктерге техникалық байқау жүргізетін пункт ашылып, автосервис қызметінің ауқымы кеңеймек.
РКС: Осы уақытқа дейін Егіндікөл тұрғындары көліктерін техникалық байқаудан өткізу үшін көршілес аудандарға баруға мәжбүр болатын. Бұл мәселені шешуге жергілікті кәсіпкер Роман Луцкий кірісті. Ол қыркүйек айында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға өтінім берген. Ал қазан айының ортасында 10 миллион 800 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Осы қаражатқа кәсіпкер мамандандырылған техникалық байқау пунктін салуды бастады. Қазір ғимарат бой көтеріп, қажетті жабдықтар сатып алынған.
СНХ: РОМАН ЛУЦКИЙ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Енді Егіндікөлде техникалық байқау жүргізетін боламыз. Бұған дейін ауданда мұндай мүмкіндік болмаған еді. Осы мақсатқа қол жеткіздік. Құрылыс жұмыстары шамамен жарты жылға созылды. Қазір жабдықтарымыз сертификаттаудан өтіп жатыр. Сертификаттау аяқталған соң, Көлік министрлігінен лицензия алуға өтінім беріп, техникалық байқау қызметін көрсетеміз.
РКС: Жеңіл автокөліктермен қатар мұнда жүк көліктеріне де қызмет көрсету жоспарланып отыр. Ауданда 250-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейтінін ескерсек, жеке техникалық байқау пунктінің ашылуы аса маңызды.
СНХ: ЕГІНБАЙ АСАЙ, ЕГІНДІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұрын аудан мен ауылдардың тұрғындары техникалық байқаудан өту үшін басқа аудандарға, тіпті қалаға дейін баратын. Ал қазір өзімізде техникалық байқау пункті ашылып жатыр. Бізге өте ыңғайлы.
РКС: «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолдау тапқан тағы бір жобаны Айгүл Құттыбаева жүзеге асырып жатыр. Кәсіпкер сәуір айында аумағы 600 шаршы метр болатын ғимарат сатып алып, азық-түлік дүкенін ашқан. Алайда ғимараттың бос тұрған бөлігін қосымша кәсіпті дамытуға пайдалануды ұйғарған. Осылайша, автосервис пен көлік жуу орталығын ашу туралы шешім қабылдады.
СНХ: АЙГҮЛ ҚҰТТЫБАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Біз өтінім беріп, шамамен 10 миллион теңге қаражат алдық. Қазір автосервисімізді аштық. Келесі кезкте көлік жуу орталығын іске қосу. Алдағы екі күнде мамандар келіп, жабдықтарды орнатуы керек. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып қойдық. Осындай мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімі Юрий Викторович Курушинге де алғыс айтқым келеді.
РКС: «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемемен несие алуға болады. Оның мерзімі ауыл шаруашылығына жатпайтын жобалар үшін 5, ал аграрлық бағыттағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары үшін қаржыландырудың ең жоғары мөлшері 2,5 мың, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қайта өңдеу жобаларына 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін қаражат қарастырылған. Жыл басынан бері Ақмола облысының 150-ге жуық тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ