«Заң мен тәртіп»: құқықтық сағат
ДИКТОР: Бүгін Көкшетауда құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен «Құқықтық сағат» форматында кездесу өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға және өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Шараға қала мектептерінің оқушылары мен колледж студенттері, сондай-ақ Ақмола облысына қарасты аудандардан білім алушылар онлайн форматта қатысты.
РКС: Жастардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, азаматтардың өз құқықтарын білуі мен заңды мүдделерін қорғай алуы да маңызды. Осы бағытта өңірде бірқатар ағартушылық және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Білім беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелер мен еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтарын қорғау жолдары түсіндіріледі.
СНХ: ҚАРЛЫҒАШ ЕСТАУПОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ: Біздің институттың қызметі бұзылған адам құқықтарын қалпына келтіруге және оларды қорғауға бағытталған. Жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – құқықтық ағарту. Осындай жұмыстардың аясында азаматтарға Конституцияда және қолданыстағы заңнамада бекітілген құқықтары туралы түсіндіреміз. Біздің институттың қызметі еліміздің Негізгі заңында айқындалған адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан басты міндетіміз – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
РКС: Кезекті кездесу де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болды. Бұл жолы басты назар кәмелетке жасы толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігіне аударылды. Сала мамандары жастар арасында жиі кездесетін интернет-алаяқтық, есірткіге тәуелділік, буллинг және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, аталған жағдайлардың құқықтық салдары түсіндіріліп, жасөспірімдерге қауіп-қатерден сақтану жолдары айтылды.
СНХ: ЖАНЕРКЕ ОРАЗБАЙ, «АРНА» ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұндай іс-шаралар өте маңызды деп санаймын. Біздің колледжге әртүрлі өңірлерден көптеген оқушылар келіп, ата-аналарынсыз жатаханада тұрады. Кәмелетке толмаған балаларға осындай шаралар көмектеседі. «Арна» колледжінде осындай шаралар өте көп өтеді. Әртүрлі кісілер келеді, осындай профилактикалық шаралар көп өтеді, мен қолымнан келгенше барлық іс-шараларға қатысуға тырысамын.
РКС: Қазақстан заңнамасына сәйкес, адам өлтіру, тонаудың ауырлататын түрлері мен бұзақылықтың жекелеген құрамдары үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Ал есірткі заттарын заңсыз өткізу үшін жауапкершілік 16 жастан қарастырылған. Бұл талаптар жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігін айқындайды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ