Негізгі Жаңалықтар Президент Жолдауының негізгі бағыттары теміржол қызметкерлерімен талқыланды

Президент Жолдауының негізгі бағыттары теміржол қызметкерлерімен талқыланды


ДИКТОР: «Әділет» саяси партиясы облыстық филиалының өкілдері «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының қызметкерлерімен кездесті. Теміржолшылармен кездесуде Президент Жолдауының негізгі ережелері талқыланды.

РКС: Кездесу барысында «Әділет» саяси партиясының өкілдері экономиканы, көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту мәселелерін қозғады. Жиында теміржол саласының жұмысына байланысты бағыттарға ерекше назар аударылды.

СНХ: БАУЫРЖАН СҰЛТАНОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚМОЛА МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Біз мемлекет басшымыздың жолдауын әріптестерімізбен талқыладық. Ол жолдауда көтерілген мәселе және бізге жүктеген басты міндет теміржол саласындағы транзиттік әлеуетті арттыру және инфрақұрылымды мекемелеріміздің жұмысын жаңғырту және де еңбеккерлеріміздің мәртебесін көтеру ең басты міндеттеріміз деп соны санаймыз. Ақмола бөлімшесі үлкен торапта орналасқандықтан барша күшімізді, білімімізді соған саламыз дейміз.

РКС: «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов еліміздің тиімді географиялық орналасуы халықаралық тасымалдауды кеңейтуге зор мүмкіндік екенін атап өтті. 

СНХ: БЕРГЕН БЕСПАЛИНОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Логистика мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан географиялық жағынан өте қолайлы, сондықтан халықаралық тасымалдарды ұйымдастыру торабына айналуына барлық мүмкіндік бар. Көкшетау–Петропавл тас жолын кеңейту жобасы да өңір үшін аса маңызды. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына қуатты серпін береді. Жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ жүк тасымалы көлемінің артуына ықпал етері сөзсіз. 

РКС: Биыл облыс аумағындағы 100 шақырым магистральдық желісі күрделі жөнделді. Сондай-ақ 65 станциялық жол жаңартылып, теміржол бұрылысының 125 жиынтығы ауыстырылды. Бұл жұмыс әліде жалғасуда. 

СНХ: УӘЛИХАН БЕКБЕРГЕНОВ, «ҚТЖ» ҰК» АҚМОЛА МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Биыл 102 шақырымнан астам шойын жол күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар Атбасар ауданындағы 17-ші теміржол бөлімі, Астана және Жаңа-Есіл жол дистанциялары, сондай-ақ Көкшетау жол дистанциясының 15-ші бөлімі қамтылды. Келер жылы да бұл жұмыстар жалғастыруды міндеті етіп отырмыз. Төрт дистанциядағы төрт бөлімше қамтылады. Жалпы ұзындығы 113,4 шақырым болатын жұмыс жоспарының 90 пайызы қазірдің өзінде бекітілді. Сонымен қатар, жолдарды орташа жөндеу жұмыстарын да жандандырдық. Одан соң станциялық жолдардағы жұмыстарды жалғастырамыз. 

РКС: Инфрақұрылымды жаңғырту ең алдымен, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл салаға ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы жақсы дамыған көлік-логистикалық жүйесі болмаса, бүгінде қуатты мемлекеттің өзі ертең күйреу алдында тұруы мүмкін екенін алға тартты. Жиында сондай-ақ, осы салада еңбек ететін мамандардың кәсіби біліктілігінің маңыздылығы және олардың алдына қойылған міндеттерді табысты орындауының қажеттілігі атап өтілді.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ 


Бөлісу